Израиль Иранның жаттығуларына қатысты мәлімдеме жасады

165
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6u62c6dVHKv7f95ch0eth25y2bQNm7JBZjvmsPAt.jpg

Израиль билігі Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы өткізген зымыран жаттығулары ықтимал шабуылға дайындық болуы мүмкін екенін айтып, АҚШ-қа ескерту жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Axios порталының мәліметінше, өткен сенбі күні Израиль қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Эяль Замир АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы Брэд Купермен телефон арқылы сөйлескен.

Әңгіме барысында Замир Израиль тарапы Иран бірнеше күн бұрын бастаған зымыран жаттығуларына алаңдаушылық білдіргенін жеткізген.

Оның айтуынша, Иранның соңғы зымыран тасымалдары мен басқа да жедел әрекеттері кенеттен жасалуы мүмкін шабуылдың бүркемесі болуы ықтимал. Осыған байланысты Замир АҚШ қарулы күштерін Израиль әскерімен қорғанысқа дайындықты үйлестіруге шақырған.

Жексенбі күні Брэд Купер Тель-Авивке келіп, Эяль Замирмен және Израиль қорғаныс армиясының жоғары лауазымды өкілдерімен кездесу өткізді.

«Иран шабуылының ықтималдығы 50 пайыздан төмен, алайда мұны жай ғана жаттығу деп қабылдап, тәуекелге барғысы келетіндер жоқ», — деп мәдімделген БАҚ-та.

Ал АҚШ тарапының өкілі қазіргі уақытта америкалық барлау Иран тарапынан нақты шабуыл дайындығы туралы мәліметтерге ие емес екенін айтты.

Осы арада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран тарапынан жасалатын кез келген әрекетке қатаң жауап берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Кипр президенті Никос Христодулидиспен және Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.

«Біз Иранның жаттығу өткізіп жатқанын білеміз. Бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз және барлық қажетті сақтық шараларын қабылдаудамыз. Иранға ашық айтқым келеді: Израильге қарсы кез келген әрекетке өте қатаң жауап болады», — деді Нетаньяху.

Бұған дейін Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи елдің зымыран бағдарламасы тек қорғаныс сипатында екенін және басқа мемлекеттермен талқылауға жатпайтынын мәлімдеген еді.

相关新闻

评论
相关新闻