«Заң мен тәртіп» акциясы аясында сотталған азаматтарға құқықтық көмек көрсетілді

31
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CcT9xj1f98f80Ah1ejpScVvTZ7Jyw8X0VCN8vg2l.jpg

Алматы қаласы Әділет департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» республикалық акциясы аясында құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіруге бағытталған кешенді жұмыстар жалғасуда. Аталған акция шеңберінде Алматы қаласы Әділет департаментінің Мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру бойынша аумақтық бөлімінің филиалында қызмет атқаратын мемлекеттік сот орындаушысы Азамат Илкенұлы Джуманазаров, тәжірибелі адвокат Арман Оразбақов, сондай-ақ Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының Мансап орталығы жанындағы Ізденушілерді қолдау бөлімінің маманы Жанболат Хазбулатұлы Кенжеғұл Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №72 мекемеге арнайы барып, сотталған азаматтармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға жан-жақты құқықтық кеңестер беріліп, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес иеленетін негізгі құқықтары мен атқаратын міндеттері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген заңнамадағы өзгерістер туралы толық ақпарат ұсынылып, бұл өзгерістердің сотталған азаматтардың құқықтық жағдайына, әлеуметтік және еңбек саласындағы мүмкіндіктеріне қалай әсер ететіні кеңінен баяндалды.

Кездесу аясында еңбекке орналасу, босатылғаннан кейінгі әлеуметтік бейімделу, мемлекеттік қолдау шараларын алу және заңды көмекке жүгіну тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығының өкілі сотталған азаматтарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, қайта даярлау және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу тетіктері жөнінде мәлімет беріп, қоғамға бейімделу жолдарын түсіндірді. Ал адвокат тарапынан құқықтық көмек алу жолдары, өтініштер мен шағымдар беру тәртібі және заң шеңберінде өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы нақты түсіндірмелер берілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – сотталған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң талаптарын дұрыс түсінуіне жағдай жасау, сондай-ақ жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне және толыққанды өмірге оралуына ықпал ету болып табылады. Осындай түсіндіру және ақпараттық кездесулер азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

评论
其他材料