Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты туындаған допинг дауына пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
7 желтоқсан күні отандасымыз кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек өткізуі керек еді. Алайда 3 желтоқсанға қараған түні Әлімханұлының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний дәрілік заты табылғаны айтылды. Осыдан кейін ұйымдастырушылар оны жекпе-жектен шеттетті.
«Жәнібек Әлімханұлы және оның командасымен байланыстамыз. Біз оның допинг қолданбағанын дәлелдеуге деген талпынысын толық қолдаймыз, отандасымызға сенеміз. Құзырлы антидопинг ұйымдары бұл жағдайды толық әрі әділ тексереді деп ойлаймын. Қазір қандай да бір қорытынды жасауға ерте. Бірақ бір факт бар, жекпе-жек тоқтатылды. Біз жағдайдың оң нәтижемен аяқталуын күтеміз»,-деді Жарасбаев Үкімет кулуарында.
Еске салайық, бұған дейін The Ring Жәнібек Әлімханұлының допинг қолданды деген күдікке ілінгенін мәлімдеген еді. Бұл айыптаудан кейін отандасымыз желіде жазба қалдырып, бұл жаңалықты оқығанда таңғалғанын жеткізді.
«VADA бірінші сынақты өткізіп, бәрі таза екенін айтты. Витаминдерді қабылдау режиміне ешқандай өзгеріс енгізген жоқпын. Екінші тесте не болғанын білмеймін, сондықтан оны қайта тексеруді талап еттім», — деді спортшы.