Бүгін қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, композитор, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна".
Қазақ әдебиетінің өрісін кеңейткен қаламгердің шығармашылығы ұлттық рухты, еркіндікті, адам болмысының терең сырларын жырлаумен ерекшеленеді.
Қазақстанның 2006 жылдан бергі мемлекеттік әнұранының мәтіні ретінде Жұмекен Нәжімеденовтің "Менің Қазақстаным" өлеңі таңдап алынды. Өлеңнің кейбір тұсы өзгертіліп, оған қосалқы автор ретінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты қосылды.
Ақынның отаншылдық рухтағы өлеңдері бірнеше буынның санасына тікелей әсер етті.
Жұмекен Сабырұлы 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін журналистика, әдебиет салаларында қызмет етті. Қазақ радиосының әдебиет бөлімінде, «Лениншіл жас» газеті мен Жазушылар одағында еңбек етті.
Жұмекеннің шығармалары терең философиясымен, ойшылдығымен ерекшеленеді. Ол поэзияда тосын теңеу, көркемдік жаңашылдық алып келген ақындардың бірі саналады.
Ақынның «Жеті бояу», «Кішкентай», «Жарық пен жылу», «Менің Қазақстаным» сияқты еңбектері ұлттық әдебиет қазынасына қосылған құнды дүниелер.
Сонымен қатар Жұмекен Нәжімеденов – кәсіби деңгейдегі күйші-композитор. Оның «Ерке сылқым», «Ақ шағыл» сияқты күйлері қазақ музыка өнеріндегі ерекше туындылардың бірі.