Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезов мұражай-үйінде Мұрат Мұхтарұлының мүсіні орнатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ұлықбек Есдәулет өз желідегі парақшасында хабарлады.
Ескерткіш бюсттің идеясы мен жобасының авторы, сондай-ақ оны орнатушы – Қырғызстанның Халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев. Мүсінді жасаған – көрнекті скульптор Тамила Маматова.
Ұлықбек Есдәулет мүсін орнатушыларға алғыс білдіріп, «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығына ескерткіш! Ұлы адамның ұрпағы да ұлы!» – деп атап өтті.
Айта кетейік, Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1 қаңтар 1943 жылы Мерке кентінде дүниеге келген. Ол мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.
Мұрат Әуезов 14 маусым 2024 жылы Алматыда қайтыс болды.
