Бүгін қазақ зиялысы, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атты ауылда өмірге келген.
Қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог және Алаш Орда үкіметінің белді мүшесі ауыл молдасына оқуға барып, кейін ауылдық мектепте орыс тілін меңгерген. 1897 жылы ол екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оқуын тәмамдаған соң ауыл мұғалімі мамандығын алған. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызмет атқара жүріп, бос уақытында білімін жетілдіріп, әдебиетке әуестенген.
Міржақып Дулатұлының шығармашылығы мен қоғамдық қызметі қазақ зиялыларының дамуына елеулі үлес қосқан. Ол өз кезеңіндегі қоғам мәселелерін күн тәртібіне шығарып, елдің әлеуметтік өмірін жақсарту үшін тынымсыз еңбек еткен. «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсыновтың орынбасары болып жұмыс істеген Міржақып қаламының күші мен публицистикасы арқылы газеттің көрнекті деңгейге жетуіне үлес қосқан.
Сонымен қатар, ол әйел теңсіздігіне қарсы шығып, замандастарының озбырлық әрекеттерін әшкерелеген. Өмірінің соңғы жылдарын Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде ауыр жағдайда өткізген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы қайтыс болды.