Қазақтарға тіл тигізген Талғар тұрғынының видеосы желіде дау тудырды

446
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/P3UxoCVhSeTWBFS9tKX0BP4cevpAWEdWRVmdW4KM.jpg

Талғар қаласының тұрғыны Эльмира Кулакованың әлеуметтік желіде тараған видеолары қоғам назарын өзіне аударды. Жазбаларда әйел қазақ ұлтына қатысты сын пікірлер айтып, кейбір тұстарда қорлайтын сөздер қолданған. Бұл видеолар желі қолданушылары арасында резонанс тудырып, құқықтық баға беру туралы талаптар көбейді.

Бір видеода Эльмира Кулакова кей қазақтардың орыс тілінде қойылған сұрақтарды әдейі түсінбей қалатын сияқты көрінетінін айтып, өз наразылығын білдіреді.

«Осы қазақтарға не болған? Неге сонша жаман болдыңдар? Байқайтыным, кей қазақтарға орысша сұрақ қоясың, олар әдейі жауап бермей қояды. Олар "түсінбеймін" деп ойнайды немесе ақымақ секілді кейіп танытады. Неге осындай болдыңдар, неге өздеріңді бұлай ұстайсыңдар? Неге сонша нақұрыс болдыңдар?» – деді әйел видеода.

Басқа видеода ол белгісіз ер адаммен сөйлесіп, Қазақстандағы орыстарға қысым бар екенін алға тартады. Ер адам мұндай қысым жоқ екенін айтқан кезде Кулакова:

«Балаларым мектеп автобустарында тыныш жүре алмайды. Бұл нағыз руссофобия емей, немене?» — деп жауап береді.

Алайда ол бұл оқиғаға нақты кімнің қатысы барын білмейтінін айтады:

«Осы жағдайды ұйымдастырған адамды табуға тырысып жатырмын. Осыны ойлап тапқан ақымақты іздеп жатырмын», — дейді ол.

Эльмира Кулакованың кейінгі видеоларында тіл мәселесі кеңірек қозғалады. Ол қазақ тілінің қазіргі деңгейін жеткіліксіз деп санайтынын және орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін қайтару идеясын қолдайтынын білдіреді:

«Қазақ тілі әлі де толық жетілмеген. Сөздік қорын байыту, техникалық және медициналық тіл қалыптастыру қажет», – дейді ол.

Оның айтуынша, толыққанды қазақ тілінде білім алу мүмкіндіктері шектеулі.

Сондай-ақ, Кулакова елде кей ұйымдар тарапынан орыс тілінен бас тарту идеясы насихатталуда деп санайды.

Желі қолданушыларының бір бөлігі оның сөздерін ұлттық араздық тудыруға бағытталған деп бағалап, құқық қорғау органдарын шара қабылдауға шақырды. Кей қолданушылар оны туған еліне опасыздық жасады деп сынға алды.

Басқалары бұл мәлімдемелер тұлғаның жеке эмоциясына және жеке тәжірибесіне негізделген болуы мүмкін екенін айтып, видеоларда жүйелі дискриминация дәлелденбегенін атап өтті.

Алматы облысы ПД жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Бас прокуратурадан ресми жауап күтіп отырмыз. Жауап келген жағдайда іс қозғап, қажет рәсімдер жүргізіледі»,— деп хабарлады.

Қосымша ақпарат кейін берілетіні айтылды.

评论