Индонезияның Темборо қаласында 16 қараша күні өткен Аль-Фатах халықаралық садақ ату турнирінде қазақстандық спортшылар керемет нәтиже көрсетіп, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Биылғы додаға Малайзия, Индонезия, Түркия, Австралия және басқа да елдерден 185 мерген қатысқан, деп хабарлайды "Адырна".
Ұлттық құраманың мүшесі Мақсат Әбдікерімов жарыстың барлық нысана түрлерінде қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Оның дәлдігі мен шапшаңдығы шетелдік спортшылар арасында жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, 200 метрлік қашықтықта отандасымыз Дилмұрад Турдиматов та қарсыластарын шаң қаптырып, алтын медальді еншіледі.
Жекелеген қашықтықтар бойынша өткен бәсекеде де қазақстандықтар биіктен көрінді. 70 метрлік пута нысанасынан Мақсат Әбдікерімов күміс медаль алса, тағы бір спортшымыз Забит Сатоев осы қашықтықта 5-орынға табан тіреді.