Мектептегі шахмат: Қарағанды облысында балалар логика мен стратегияны бастауыш сыныптан меңгеріп жатыр

757
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zWMauZnc4XFkE1gH9cQLNdz7Gwkg4FFNxip8qQ6c.jpg

Қарағанды облысының мектептерінде оқушылар логикалық ойлау мен стратегиялық талдаудың негіздерін шахмат арқылы үйренуде. «Шахмат негіздері» пәні бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына енгізіліп, балалардың зейінін, есте сақтау қабілетін және аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған. Жоба алғаш рет 2023 жылы өңірдің бес пилоттық мектебінде іске қосылып, 2025 жылға қарай 90-ға жуық оқу орнын қамтыды.

Бүгінде шахмат сабақтары тек қала мектептерінде ғана емес, ауылдық елді мекендерде де оқытылады — бұл балаларға интеллектуалдық даму үшін тең мүмкіндік береді. Бұқар жырау ауданының Петровка ауылындағы Әлкей Марғұлан атындағы мектепте бұл пән үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Мұғалім Роза Ахаттың айтуынша, оқушылардың шахматқа қызығушылығы жылдан жылға артып келеді.

– Шахмат балаларды ойлануға, салыстырып саралауға, логикалық қорытынды жасауға үйретеді. Қазір бізде үш сыныпта сабақ өтеді, және балалар жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Өткен жылы олар Қарқаралыда өткен турнирге қатысып, ал биыл күзде «Ауыл спорт» облыстық жарысында бірінші орын иеленді. Үш оқушы республикалық турнирге жолдама алып, тағы екеуі екінші және үшінші орындарға ие болды, – деді педагог.

Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясы да 2023 жылы жобаның пилоттық қатысушыларының қатарында болды. Мұнда шахмат сыныбы Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен толық жабдықталған – тақталар, фигуралар, демонстрациялық стендтер орнатылған. Бұған дейін мектепте үйірме болғанымен, балалар тек дәлізде орналасқан үстелдерде ойнайтын. Бастауыш сынып мұғалімі Айман Исабаева сол кезде шахмат негіздерін білетін жалғыз педагог болғанын еске алады.

– Қазір бізде тоғыз сыныпта шахмат сабақтары өткізіледі. Алдымен ойынның негіздерін – ережелерін, фигуралардың атауы мен жүрісін, қарапайым комбинациялар мен тактикалық тәсілдерді үйретеміз. Үлкен сыныптарда оқушылар шахматтық есептер шығарып, гроссмейстерлердің партияларын талдайды, стратегияларды меңгереді. Бұл ойын балалардың зейінін, есте сақтау қабілетін, логикасын дамытып, ойды жүйелі құруға және алдын ала жоспарлауға баулиды. Мұндай дағдылар әсіресе математика сабақтарында үлкен көмек береді, – дейді ұстаз.

Бүгінде «Шахмат» пәні қазақ және орыс тілдерінде білім беретін 195 сыныпта енгізілген, оны төрт мыңға жуық оқушы оқып жүр. Бастауыш сынып мұғалімдері үшін Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыратын тегін біліктілікті арттыру курстары тұрақты өткізіледі. Оқыту жылына екі рет — офлайн және онлайн форматтарда жүргізіледі.

Мектептерді қажетті оқу құралдарымен қамту кешенді түрде жүзеге асуда: шахмат тақталары, фигуралар, демонстрациялық жиынтықтар мен әдістемелік материалдар сатып алынып жатыр. 

Бұл жұмыс облыстық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен жүргізілуде.

评论
其他材料