4 сағат 45 минутта – 42,2 км. Салтанат ата Нью-Йорк марафонында чемпион атанды

2507
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UUMch1plMpaMRzbRBGCabISN1HvYdD8aYs8dq0ae.jpg

Нью-Йоркте өткен жүгіру марафонында 80-89 жас санатында қазақстандық Салтанат Түйтебаев чемпион атанды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Әлемде ең беделді саналатын 6 марафон бар. Олар Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио қалаларында өтеді. Бұл бәсекеге тек жарна төлеп қана қатыса алмайсың. Арнайы уақыт нормативін орындауың тиіс. Мен Амстердамдағы трассада белгілі бір уақыт көрсеткішін тіркеп, Нью-Йорк марафонына қатысуға өтініш жібергенмін. Биыл 200 мың үміткер арасынан шақырту алдым. Өз карьерамда екінші мәрте Нью-Йорк марафонында жүгіру бақыты бұйырды», – дейді Салтанат Түйтебаев.

80 жастағы қария 2021 жылы да Нью-Йорк марафонына қатысып, 75-79 жас санатында күміс жүлде алған еді. Енді ол араға 4 жыл салып  42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өткен. Осы нәтиженің арқасында қария 80-89 жас санатында топ жарды.

«2021 жылы әлемде пандемия болғанықтан, Нью-Йорк марафонына 30 мыңдай адамға қатысуға рұқсат беріліп еді. Осы жолы 55 мың адам бір мезетте жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен, рекордсмендермен бірге жүгіру – үлкен мәртебе. Трасса өте ауыр болса да, жол бойы 2 млн-нан астам жанкүйер қызу қолдады», – дейді ол.

5 қарашаға қараған түні жүгіруді күнделікті әдетіне айналдырған Салтанат Түйтебаевты әуежайдан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, туған-туыстары құшақ жая қарсы алды.

Айта кетейік, биыл Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысқан. Ал New York Marathon жүгірісінде ең егде қатысушы болып Жапониядан барған Коичи Китабатаке танылды. 91 жастағы қатысушы марафон қашықтығын 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсерген.

评论
其他材料