Букер сыйлығының әдеби комитеті Ұлыбританияда ұсынылатын ең беделді әдеби сыйлықтардың біріне үміткерлердің тізімін жариялаған болатын. Үміткерлер кім, олардың шығармалары қандай?
Алты романнан тұратын қысқа тізімді бекіткен қазылар алқасына жазушы, 1993 жылғы Букер сыйлығының иегері Родди Дойл төрағалық етті. Ол таңдалған авторлардың «ағылшын тілі мен баяндау ырғағын жетік меңгергенін» және олардың кітаптарының «тамаша жазылғанын және адамгершілікке толы екенін» атап өткен. 2025 жылғы Букер сыйлығының жеңімпазы 10 қарашада Лондонда өтетін салтанатта жарияланады. Жеңімпазға 50 мың фунт стерлинг (эквивалентте – 34 млн 889 мың теңге) сыйға тартылады.
Тізімдегі шығармалар қандай?
1) «Қолшырақ» (Flashlight). Авторы: Susan Choi, тегі – Оңтүстік Кореялық Америка азаматы. АҚШ мемлекеттік кітап сыйлығының иегері. Ондаған жыл уақыт және бірнеше құрлықты ауқымды қамти отырып, отбасы, жоғалту, естемелер және өзіміз де байқай алмайтын нәрселер жағынан қалай қалыптасатынымыз жөнінде егжей-тегжейлі тексеру-зерттеу жүргізген. Отбасының ойран болуынан туындайтын қасірет пен қате көзқарастарды ашалап, отбасының арқауы сүйіспеншілік екенін ишаралайды.
Мамыражай жаздың бір кешінде Луиса әкесімен бірге жағалауда серуендеп жүреді. Әкесінің қолында – қолшырақ. Әкесі малту білмейді. Елдер кейін Луисаны теңіз жағасында малмандай су болып, шала жансар жатқан жерінен тауып алады. Он жастағы оны әкесі тастап кете барды. Оның әкесіне не болды? Уақыт пен кейіпкерлер арасындағы назар тұрғысының өзгерісі арқылы, теңіз жағасындағы сол бір кешке қайта оралып, бір отбасының бақытсыздық жағдайына үңіле отырып, олардың тарихтың жасырын иріміне батып кете барғанын баяндайды.

2) «Қысқы жер» (The Land in Winter).
Авторы: Andrew Miller – Ұлыбритания жазушысы. 1962 жылы желтоқсанда, Ұлыбританияның шалғай бір ауылындағы елді мекенге қоныс тепкен көрші екі отбасы ағарып атқан ақ таңда өз тірліктеріне кірісті. Дәрігер Ерік Парри қыстақты аралауға кетті. Оның ай-күні таяп отырған әйелі Эйрене күйеуі екеуінің барған сайын алшақтап бара жатқан ерлі-зайыптылық қатынасына басы қатып, аядай үйде күйбеңдеп жүр. Фермаға жақын маңда тұратын Рита да ауыр аяқ. Ол ферма қожайынының зайыбы болуға қанша құлшынып бақса да, көз алдынан күйеуі Биллдың беталды байбалам салатын бейнесі кетер емес.
Бұл кітап неке және адами қарым-қатынастағы кілтең буындарға ыждағатпен зер салып, оқырманды ой иіріміне үйіріп ала жөнеледі. Егер адамдар қысқы жердей суық болса, берісі жеке тұлға, арысы мемлекетте жайсыз өзгерістер туындайды деген ой түйіндеген.

3) «Сарқынды өмір сарыны» (The Rest of Our Lives).
Авторы: америкалық Ben Markovits. АҚШ-тағы некеден ажырасқан орта жастағылардың дағдарысы, адасуы, алжасуы, қайғы-қасіреті сөз болады. Адам тірлігі жолайрығына жолыққанда, тұрмысты пайымдап, байыпты шешім қабылдауға жетелейтін қыбыланама спетті роман. Әйелі он екі жыл бұрын көңілдес тауып алғандықтан, Том Левердт «сүт кенжем дүниеге келген күні қатынымнан жырақтаймын» деген шешімге келеді. Қызын университетке апара жатқан оның ойына өзінің осы шешімі орала кетті. Сонымен ол үйіне қайтудың орнына, жоспарсыз жолға шығып, батысты бетке алып үдере тартып, университеттегі сырдесте досына, көне ғашығына, аға-інілеріне, ұлына барады. Одан әрі Калифорнияға кетуді де ойлайды. Ол үш ұйықтаса түсіне енбеген буалдыр болашаққа аттанып бара жатып, өткен өмірі мен қазіргі талғамы жөнінде ойға шомады. Осы талғамы оны қазіргі реалдыққа жетелеп әкеледі.
Бұл кітап сарқынды өміріміз тың бір хикаямыздың басталуы болған кезде не істеу керектігімізді баяндайтын хикая.

4) «Тыңдау» (Audition).
Авторы: Katie Kitamura, тегі – жапондық Америка азаматы. Екеуі Манхэттендағы бір дәмханаға түскі асқа отырады. Біреуі – алдағы қойылымға дайындалып жүрген тамаша актриса. Ал уыздай жас жігіт оның ұлы секілді. Әйел – жігіттің кімі? Жігіт – әйелдің ше? Құрылымы шымыр, ойы терең бұл романда екі оқиға таласа-тармаса өрби отырып, күнделікті өмірде ойнап жүрген рөліміз жөніндегі түсінікке – жар, ата-ана, жаратушы, пайғамбар, сондай-ақ әр жолғы қойылым бүркемелеген ақиқат, әсіресе тәуір түсінемін деп санайтын адамдарымыз жасырған шындық секілділерге басқа тұрғыдан түсініктеме бергендей…
Роман мына қоғамдық шындықты айқындайды: бұл күнде жеке тұлғалардың тұрмыс-тірлігі барған сайын әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылатындықтан, әрбір адам амалсыз әртістің рөлін сомдауда.

5) «Тән» (Flesh).
Авторы: David Szalay, тегі – венгриялық Ұлыбритания азаматы. Бас кейіпкердің жастық шағынан орта жасқа дейінгі, Венгриядан Лондонға дейінгі кешірмелері сөз болады. Он нешедегі Истван мен анасы Венгрияда тып-тыныш күн кешіріп келеді. Өте ұялшақ бұл бала қалаға келген кезде сабақтастарымен тіл табыса алмай, екі ортада оқшау қалады. Ол бірқыдыру оқиғаларға душар болып, құрдастарының, анасының және өзінің бейтаныс адамына айналады. Балалық бал дәуреніне ерте қоштасқан ол рухы басқаға өзгерген тәнін сүйрей жүріп күн кешіреді.
Жазушы нанымды оқиғалар арқылы қажымас адам тірлігін, ауыр трагедияларды айшықтайды. Романда жаһандану дәуіріндегі қоғамдық тұрақсыздық, зорлық-зомбылық және оның адам жанына салар өшпес жарасы көрініс табады.

6) «Соня мен Саннидың ғарыптығы» (The Loneliness of Sonia and Sunny).
Авторы: Kiran Desai – үндістандық жазушы. Ол бұл шығармасын 20 жыл жазған. Соня мен Санни пойызда алғаш жолыққанда-ақ бір-бірлерін ұнатып қалады. Буалдыр болашақ оларды табыстырса да, ата-әжелерінің басқаға құда болып қойғандығы себепті, амалсыз айырылысады. Шығарма жазуға құлықты Соня қарлы тауларға барып, жұмысын аяқтап, Үндістандағы отбасына оралған. Ол бір кездері өзі жақындық танытып, шабыт алған суретшінің улы тырнағына ілінуден қорқады. Ал Санни болса, Нью-Йоркке қоныстанған босқын журналист. Анасының тепершігі мен әулеттерінен жалғасып келе жатқан зорлық-зомбылықтан қашып шыққан.
Бұл кітапта екі жастың өз өмірлерін қалыптастыру барысында дөп келген ұлт, тап, нәсіл, тарих және ұрпақтар ара байланыстар сынды мәселелер көрініс табады.
Қоғамдық реализм мен сырлы реализмді тығыз қабыстырған бұл роман махаббат пен отбасы, Үндістан мен Америка, дәстүр мен қазіргі заман жөніндегі тарихи дастан.

Қытай тілінен аударған: Қаусылхан Қасымханұлы