Финляндия президентінің Қазақстанға сапары: Еуропамен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

1207
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xcPic3Uwmxu8IWKMdROYAewY2JWaJ3v91ZaWDrKN.jpg

Қазақстан мен Финляндия арасындағы қарым-қатынастар жаңа серпін алуда. Финляндия президентінің елімізге ресми сапары аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылып, энергетика, экология, қауіпсіздік және білім салаларында жаңа мүмкіндіктер айқындалды. Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, саясаттанушы Ілияс Бақтығалиев бұл сапардың мәні мен аймақтық маңыздылығын талдап берді.

Финляндия президентінің Қазақстанға сапары еліміз бен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастарды дамыту тұрғысынан қандай маңызға ие?

— Егер Бірлескен мәлімдеменің мәтініне көз жүгіртсек, өткен келіссөздер ішінара Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы кең ауқымды күн тәртібінің бір бөлігі болғанын байқауға болады.

Қазір Еуропалық Одақ Орталық Азияға деген назарын арттырып келеді, бұл оның «Global Gateway» жобасы шеңберінде жүзеге асуда. Сондай-ақ ЕО Транскаспий көлік дәлізін дамытуға мүдделі, сондықтан Финляндиямен ынтымақтастығымыз осы бағытта маңызды рөл атқарады.

Финляндияның Орталық Азиядағы басты басымдықтары мен мүдделері қандай, және Қазақстан бұл сапарды экономикалық әрі саяси ынтымақтастықты нығайту үшін қалай пайдалана алады?

— Бұл жөнінде біз келіссөздердің қорытындысынан айқын көре аламыз. Финляндия қауіпсіздік пен халықаралық құқықты нығайтуға басымдық береді. Осы мақсатта KAZCENT пен FINCENT бейбітшілік сақтау орталықтары арасындағы әріптестік туралы уағдаластық жасалды.

Сонымен қатар экология, су ресурстары және төтенше жағдайларға ден қою саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылған.

Маңызды бағыттардың бірі — ядролық қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстанның атом энергиясы жөніндегі уәкілетті органы мен Финляндияның STUK ядролық реттеушісі арасында меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ Финляндияның экономикалық және Транскаспий дәлізіне деген қызығушылығын да атап өткен жөн — сапарға 20-дан астам фин компаниясының ірі бизнес-делегациясы қатысты. Бұл еліміз үшін жақсы көрсеткіш.

Бұл сапарды Скандинавия елдерінің Қазақстанға деген қызығушылығының артуының белгісі ретінде қарастыруға бола ма? Осы бағыттағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі қандай?

— Қазіргі таңда бүкіл әлемде Орталық Азияға деген қызығушылық күшейіп отыр. Ал Қазақстан — өңірдің жетекші елі. Сондықтан, иә, Скандинавия елдерінің де назары арта түскенін байқауға болады.

Финляндия үшін бұл ресми сапардың нәтижесінде 15 құжатқа қол қойылуы — екі ел арасындағы салыстырмалы түрде шағын сауда айналымына қарамастан едәуір жетістік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі бұл жерде айқын: бұл сапар оның көпвекторлы сыртқы саясатының, Еуропамен байланыстарды кеңейтіп, халықаралық серіктестікті әртараптандыру бағытының нақты көрінісі.

Сапардан кейінгі ынтымақтастықтың қандай бағыттары басымдыққа айнала алады деп ойлайсыз?

— Қазір Қазақстан мен Финляндия арасындағы ең маңызды және стратегиялық сала — атом энергетикасы мен ядролық қауіпсіздік.

Қазақстан әлемдегі ең беделді ядролық реттеушілердің бірі болып саналатын фин STUK ұйымының тәжірибесіне қол жеткізеді. Бұл біздің ел үшін аса маңызды, өйткені Қазақстан кемінде үш АЭС салуды жоспарлап отыр.

Өз кезегінде Финляндия — дамыған атом энергетикалық держава ретінде біздің уран ресурстарымызға қызығушылық танытады. Сондықтан болашақтағы ең әлеуетті бағыт осы сала болмақ.Бұл жерде де Қазақстан Президентінің еңбегін ерекше атап өтпесек болмайды.

评论