Ермұрат Бапи «Қазпошта» тарифтерін сынға алды (ВИДЕО)

1663
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/apt1KuEG4MCZRAxeuW9RQLoGzRUq2DacuQKXpone.jpg

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Қазпошта» жұмысын сынға алды. Ол Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевке жолдаған депутаттық сауалында мерзімді баспасөз құралдарын тасымалдау тарифтерінің қымбаттағанын атап өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, соңғы уақытта «Қазпошта» тарапынан мерзімді басылымдарға көрсетілетін қызметтердің ақысы бірнеше есеге өсіп, өңірлік және аудандық газеттердің қаржылық жағдайына ауыр тиген.

«Биылғы жылдың шілде айында пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату қызметінің ақысы 1000 пайызға дейін артқан болатын. Бұл өзгеріс баспасөз ұжымдары үшін ауыр соққы болып, өңірлік және аудандық газеттердің қаржылық жағдайына әсер етті. Ал жуырда баспасөзге жазылу қызметі үшін бұрынғы 17 пайыздық мөлшерлеме 41,76 пайызға дейін көтерілгені жөнінде хабарлама алдық. Бұл шешім де редакциялар мен журналистер қауымы үшін күтпеген және ауыр соққы болып отыр»,—деді ол.

Ермұрат Бапи бұл жағдайға қатысты министрлік пен «Қазпоштадан» түсініктеме беруді талап етті.

«Сізге төмендегі сұрақтарымызды жолдаймыз:

1. Ақпарат құралдарымен жасалатын келісімшарттар неге тек бір тараптың – «Қазпоштаның» мүддесін қорғайды?

2. Қызмет ақысының көтерілуі туралы шешім неге алдын ала ескертілмейді және БАҚ өкілдерімен талқыланбайды?

3. Көптеген өңірлерде мерзімді басылымдар оқырманның қолына уақытылы жетпей жатады. Бұл үшін министрлік тарапынан «Қазпошта» компаниясының жауапкершілігін арттыру мақсатында неге талаптар қойылмайды?

4. Салалық министрліктің есіне салайық: редакциялар жазылудан түскен қаражатты бірден алу мүмкіндігінен айырылған. Ақша тоқсан сайын бөліп беріледі. Осы қаражат «Қазпоштаның» есепшотында жатқан кезеңде кімнің мүддесіне қызмет етеді?

Бұл сауалдар – бір ғана басылымның емес, бүкіл республикалық және өңірлік қағаз үлгісіндегі газеттер шығаратын бұқаралық ақпарат құралдарының ортақ мәселесі. Сондықтан көтерілген мәселелерге түсініктеме беріп, жария түрде жауап беруіңізді сұраймыз»,—деп толықтырды депутат.

 

评论