“Грэммиге” үміткер жобаға Абайдың әні енді

1421
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j1J4UTvCCQ1FjN0zOmHujeWXZkiV2FNWbvbcVmF3.webp

Billboard журналы The World Album атты жаһандық музыкалық жобаны 2026 жылғы “Грэмми” сыйлығының Best Global Music Album (ең үздік жаһандық музыкалық альбом) номинациясына үміткерлер қатарында атады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл – әлемнің әр елінен шыққан орындаушыларды біріктірген тарихтағы алғашқы музыкалық компиляция. Альбомға 200 ән, 93 тіл, 121 музыкалық жанр мен бағыты енген. Жалпы ұзақтығы – 12,5 сағат.

Жобаның авторы және продюсері Брэндон Беквит бұл альбомды «бейбітшілік пен бірліктің үні» деп сипаттады. Оның айтуынша, The World Album өнердің адамзатты біріктіре алатынын дәлелдейді.

Қазақстан атынан жобаға ұлы Абай Құнанбайұлының “Бойы бұлғаң” әні енгізілген. Оны Дана Орманбаева мен Мәди Сыздықов орындады. Ән әлем елдерінің мәдени жауһарлары қатарында ұсынылып, ұлттық рухты бейнелейтін туынды ретінде таңдалған.

Жоба алғашқы аптасында-ақ әлемнің барлық елінде тыңдалған. Тыңдаушылардың қатарында Гуам, Кюрасао және Француз Полинезиясы сияқты аймақтар да бар. Осылайша, The World Album тыңдалу географиясы бойынша тарихи рекорд орнатқан.

Барлық орындаушылар өз әндеріне 100 пайыз құқықты сақтайды. Сонымен қатар, табыстың жартысын қайырымдылыққа бағыттау ұсынылған.

Қазір жоба авторлары үш Гиннес рекордына өтінім беріп, International Artists Festival фестивалін ұйымдастыруды және альбомды білім беру бағдарламаларына енгізуді жоспарлап отыр.

评论