Маңғыстаудағы сарбаздың жағдайына әскери басшы түсініктеме берді

839
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jFet0gue7HqWcF3tqalmHBbk1hZr2Pg7axnS5nZD.jpg

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы басқармасы Маңғыстау облысындағы сарбаздың анасы көтерген шағымға түсініктеме берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әйел баласының әскерде әлімжеттік көргенін айтып, кейін оның психиатриялық клиникаға жатқызылғанын хабарлап, дабыл қаққан.

Көктемде әскерге шақырылған 18 жастағы азаматқа қыркүйек айының соңында “бүйрек пен жүрек ауруларына байланысты мамандарға қаралу қажет” деп айтылған. Кейіннен оның орнына психиатриялық клиникаға жатқызылғаны белгілі болды. Клиника қызметкерлері сарбаздың “суицидтік ойларына байланысты” түскенін мәлімдеген.

Кейін анасы баласының физикалық зорлық қана емес, жыныстық зорлық-зомбылыққа да ұшырағанын айтқан.

Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері басқармасы хабарлағандай, сарбаздың анасы түсірген бейнеүндеу негізінде ішкі істер министрлігінің Батыс өңірі бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Сонымен қатар арнайы офицерлерден құралған жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс басталды.

Тексеру барысында физикалық немесе жыныстық зорлық фактілері расталмаған.

«Куәгерлердің айғақтары бойынша сарбазға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері анықталмады. Видеобақылау камераларының жазбалары зерттеліп, әскери тәртіп бұзушылық деректері тіркелген жоқ», – делінген ресми жауапта.

Басқарма өкілдері сарбаздың өз айғақтары бірнеше рет өзгергенін және айтқан нұсқалары бір-біріне қайшы келгенін атап өтті.

Қазір сарбаз Ақтаудағы әскери-тергеу басқармасында. Тергеу шаралары аяқталған соң оны Астанаға, Қорғаныс министрлігінің бас госпиталіне жіберу жоспарланып отыр. Онда оның әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығы анықталады.

Психоневрологиялық диспансер мамандарының қорытындысына сәйкес, сарбазда психологиялық тұрақсыздық бар.

«Психологиялық зерттеу нәтижесінде оның бейімделу деңгейі төмен, моральдық тұрақтылығы әлсіз екені анықталды. Әскерде жүрген кезінде де тұйықтық, енжарлық, депрессиялық белгілер байқалған. Бұған дейін өз-өзіне зиян келтіруге талпыныс жасаған», – делінген басқарма мәліметінде.

Қорғаныс министрлігі баланы “әскерге жарамды” деген шешімге  түсініктеме берді.

«Медициналық комиссия құрамына азаматтық медицина саласының мамандары енеді. Олар Қорғаныс министрлігіне емес, жергілікті атқарушы органдарға бағынады. Комиссия құрамын облыс пен қалалар әкімдерінің орынбасарлары тағайындайды», – деп хабарлады.

评论