Астанада блогер Ерболат Жанәбіловтың жұбайының соты басталды

821
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vB4U9gNzy4d58YBW5yXX3W2yyrZy6RZQEXIajMIt.jpg

Астанада блогер Ерболат Жанәбіловтың жұбайы Эльмира Төлегенованың ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол адвокаттарымен бірге сотқа келді.

Отырыс елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотында өтіп жатыр.

Сотқа блогер Эльмира Төлегенованың өзі де, сондай-ақ ерлі-зайыпты адвокаттар Олег пен Анна Черновтар келді.

Еске сала кетейік, 5 қыркүйекте осы сотта блогер Ерболат Жанәбіловтің ісі қаралған болатын. Сол процесте жұбайынан сот залын босатуды сұраған. Кейін Эльмира Төлегенованы қайта шақырғанымен, ол куәлік беруден бас тартқан.

Сот барысында блогер Ерболат Жанәбіловтың адвокаты Олег Чернов прокурорды сотқа тарту туралы өтініш білдіріп, өз қорғауындағы азаматтың құқығы бұзылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты сот отырысы 15 қыркүйекке шегерілген еді.

Айта кетейік, Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова — Қазақстандағы ең танымал блогерлердің қатарында. Ерболаттың парақшасына 8,4 миллион адам, ал Эльмираның аккаунтына 7,1 миллион адам жазылған.

18–21 тамыз күндері блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова көлік ұтыс ойынын жариялады. Алайда тікелей эфирді күткен қолданушыларға 30 мың теңге төлеу қажет болатын ақылы оқу курсына сілтеме ұсынылған. Ұтысқа қатысу тек осы курсты сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болған. Бұл жағдай қоғамда сынға ұшырап, мемлекеттік органдарға шағым түсті.

Туризм және спорт министрлігі ұтыс ойындарын ұйымдастыруға және билеттерін таратуға тек ресми лотерея операторлары мен агенттерінің ғана құқығы бар екенін еске салды.

评论