Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи маусым айында АҚШ-тың әуе соққылары кезінде қираған ядролық нысандардың үйіндісінің астында байытылған уран қоры қалғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министрдің сөзінше, бұл материалдардың қандай жағдайда екені әзірге белгісіз. Оны Иранның Атом энергиясы ұйымының мамандары тексеріп жатыр. Зерттеу аяқталған соң арнайы баяндама дайындалып, Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне ұсынылады.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның уран қоры жөніндегі ашық мәлімдемесі Батыспен келіссөз жүргізу тактикасының бір бөлігі болуы мүмкін. Ресейлік шығыстанушы Владимир Сажиннің айтуынша, Тегеранның басты мақсаты – МАГАТЭ-мен және еуроүштікпен (Франция, Германия, Ұлыбритания) байланыс орнатып, жаңа санкциялардың алдын алу. Өйткені Еуропа елдері БҰҰ-ға Иранға қарсы халықаралық шектеулерді қайта енгізу туралы құжат тапсырған.
Сарапшы Ирандағы 408 келі 60%-ға байытылған уранның көлемі өте көп екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл уранды 90%-ға дейін байыту арқылы бірнеше ядролық заряд жасауға мүмкіндік бар. Бұл жағдай жаңа ядролық келісімге кедергі келтіріп отыр.
Владимир Сажин қазіргі ахуалды өте күрделі деп бағалап, егер Иран келіссөздерде қатаң ұстаным танытса, Израиль АҚШ-пен кеңеспестен жаңа әуе соққыларын жасауы мүмкін екенін айтты.
Осы себепті Тегеран қазір халықаралық қысымды азайту үшін барынша дипломатиялық қадамдарға барып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, алдағы айларда Иранның уран мәселесі тек Таяу Шығыс емес, бүкіл әлемдік қауіпсіздік күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналмақ.