"Парламенттік республикаға айналу күн тәртібінде тұрған жоқ"

753
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2auUOkrNiemDvPJz7uwJTaMdNSaSDn1T785xJs4a.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба және Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Президент қонақтарға алғысын білдіріп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және конституциялық реформалар туралы айтты. Ол Ата заңға енгізілген өзгерістер өкілді билік тармағы мен құқық қорғау институттарының рөлін күшейтіп, атқарушы биліктің есеп беру міндетін арттырғанын атап өтті.

«Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Жалпыұлттық референдумдар халықтың ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысуына жол ашады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басымдықтарға тоқталды. Оның айтуынша, елді технологиялық тұрғыдан озық мемлекетке айналдыру басты мақсат болып қала береді. Бұл ретте жасанды интеллект пен цифрландыру жаңа ұлттық идеяға айналады. 

相关新闻

评论
相关新闻