Индонезияда парламент депутаттарына арналған ірі көлемдегі жәрдемақы бекітілуіне және полицей көлігі қағып кеткен мотоциклистің өліміне байланысты мыңдаған адам қатысқан жаппай наразылық акциялары өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Шеру алғашында парламенттің әр депутатқа ай сайын 50 миллион рупий (шамамен 3 млн теңге) көлемінде тұрғын үйге жәрдемақы бөлу туралы шешіміне қарсы басталған.
Жағдайды 28 тамызда Джакартада болған қайғылы оқиға одан сайын ушықтырды. Полицей 43 жастағы курьерді қағып кетіп, ол сол жерде қаза тапқан. Халық бұл оқиғаны “жабайылық” деп атап, кінәлілерді жазалауды талап еткен.
Осыдан кейін Джакартада және елдің басқа қалаларында наразылық күшейді.
Шерушілер парламент пен полиция ғимараттарын таспен атқылап, көліктерді өртеді. Макассарда парламент ғимаратындағы өрттен кемінде үш адам көз жұмды.
Президент Прабово Субианто бастапқыда халықты сабырға шақырып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Кейін ол жеті полицейдің ұсталғанын хабарлап, оларға 20 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы депутаттарға берілетін жәрдемақыны жою және олардың шетелдік іссапарларына мораторий енгізу жөнінде шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, Прабово Қытайға жоспарланған сапарын тоқтатты. Ел ішінде мектептер мен банктер уақытша жабылып, қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшті.