АҚШ пен Ресей Украина бойынша келіссөздер аясында энергетикалық жобаларды талқылады

1737
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AjxJOFXW24rkfxY40jQH66A2obEdbNUYSSA32Y6m.jpg

26 тамыз күні Reuters агенттігі аты-жөнін атамауды сұраған бес дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі соңғы келіссөздер аясында Ресей мен АҚШ үкіметі өкілдері энергетика саласындағы бірқатар мәмілелерді де талқылаған. Бұл келіссөздердің мақсаты – Кремльді Украинада бітімге келуге ынталандыру және Вашингтонның Ресейге салған санкцияларын жеңілдетуге түрткі болу болған, деп хабарлайды “Адырна”.

Агенттіктің хабарлауынша, тараптар Exxon Mobil компаниясының Ресейдегі мұнай-газ жобасы – «Сахалин-1» жобасына қайта оралу мүмкіндігін қарастырған. Ресей президенті Владимир Путин осы жобаның операторы құрылымындағы шетелдіктердің үлесін реттейтін арнайы жарлыққа қол қойған. Бұл құжат 15 тамызда, яғни Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Аляскада кездескен күні қабылданған.

Ол кездесу барысында екі ел арасындағы инвестиция мен іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ, «Арктик СПГ 2» сияқты сұйытылған табиғи газ (СПГ) жобалары үшін АҚШ-тың жабдықтарын Ресейге жеткізу мәселесі де күн тәртібінде болған. Аталған жоба батыс санкцияларының астында тұр.

Бұдан бөлек, 15 тамызда Reuters АҚШ-тың Ресейден атом мұзжарғыштар сатып алуды жоспарлап отырғаны туралы да хабарлаған еді.

Reuters-ке пікір білдірген үш дереккөздің мәліметінше, жоғарыда аталған мәселелер АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың тамыз айының басында Мәскеуге жасаған сапары кезінде талқыланған. Ол сапар барысында Уиткофф Владимир Путинмен және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриевпен кездескен.

Екі дереккөздің айтуынша, бұл тақырыптар АҚШ президентімен бірге Ақ үйде де қарастырылған. Тағы бір дерек көзі Путин мен Трамптың Аляскадағы саммиті кезінде де энергетика мәселесі қозғалғанын айтады.

Журналистердің сұрағына жауап ретінде Ақ үйдің өкілі: «Дональд Трамп пен оның ұлттық қауіпсіздік саласындағы командасы Ресей және Украина шенеуніктерімен екі ел президенттері арасындағы тікелей кездесуді ұйымдастыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл кездесу қантөгісті және соғысты тоқтатуға арналмақ», – деп мәлімдеген.

Сондай-ақ, ол: «Бұл тақырыптарды жария түрде талқылау ұлттық мүддеге қайшы», – деп толықтырды.

Кирилл Дмитриевтің баспасөз хатшысы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан.

Reuters еске салғандай, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруінен кейін Батыс елдері салған санкциялар Мәскеуді халықаралық энергетика нарығынан шеттетті. Ресей ірі инвестициялар мен технологиялық серіктестіктерден айырылды.

Exxon Mobil 2022 жылы, соғыс басталған соң, Ресей нарығынан шығып кетті. Компанияның жобадан кетуі 4,6 миллиард доллар шығынға ұшыратқан. Сол жылы Ресей үкіметі Exxon Mobil-дің “Сахалин-1”-дегі 30 пайыз үлесін тәркілеп, оны мемлекет меншігіне өткізді.

评论