Жағдайлары ауыр. Абай облысында көлік қаққан балалардың ахуалы

1455
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bFvLvxtAuvd48cf1g1cCGOuz4bffCvIT0anNfET0.jpg

Астанада дәрігерлер Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылынан жеткізілген жарақат алған балалардың жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бүгін күндіз санитарлық авиацияның Ұлттық үйлестіру орталығының борты Үржар ауданынан Астанаға жарақат алған екі баланы жеткізді. Жағдайының тұрақсыздығына байланысты 9 жастағы қыз облыстың бас анестезиолог-реаниматологының бақылауында жергілікті стационарда қалған.

Астананың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, санитарлық авиация желісі арқылы екі бала №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта олар мамандардың бақылауында жансақтау бөлімінде жатыр.

“Балалардың жағдайы ауыр. Көптеген сынықтар, ауыр жарақаттар, травматикалық шок алғаг. Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, тиісті тексерулер мен емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жағдай дәрігерлердің бақылауында”, – делінген хабарламада.

Аурухананың медицина бөлімі жөніндегі директордың орынбасарының айтуынша, балалар бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.

“Екі бала: 9 жастағы қыз және 6 жастағы ұл. Қыздың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Ауыр жарақаттар, жабық бас-ми жарақаты, иық сүйектерінің көп сынықты жылжумен сынуы, ауыр дәрежелі шок алған. Ұлдың жағдайы да ауыр”, – деді ол.

Балалар қазір қосымша тексеруден өтіп жатыр, реаниматологтар олардың жағдайын тұрақтандыруға тырысуда.

Еске сала кетейік, 19 тамыз күні Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр жерде тұрған балаларды қағып кеткен. Екі бала оқиға орнында қаза тапса, тағы біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Үржар ауданы полиция бөлімінің хабарлауынша, жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сараптама жүргізушінің оқиға кезінде мас болмағанын көрсетті. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер апаттың себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізуде. Жүргізуші екі айға қамауға алынды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли қаза тапқан балалардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды. Кейіннен балалардың ауылдағы туыстарына қонаққа келгені белгілі болды.

评论