Сатиралық Qaznews24 агенттігі жұмысын тоқтатты

876
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RQ1QL2uGV5dmqvVhw3MmUTMc3qC35vfOpCt0YJi3.webp

Сатиралық Qaznews24 парақшасы жұмысын тоқтатты. Бұл туралы агенттік желідегі ресми парақшасында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Құқық қорғау органдары тарапынан редакция мүшелерінің туыстарына қысым жасалып, жаңа тергеп-тексерулер басталуына байланысты біз агенттігімізді жабу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда жұмысымызды жалғастыра алмаймыз, сол арқылы Конституциямызда кепілдік берілген сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігімізді жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылып отырмыз»,—делінген хабарламада.

Агенттік барша оқырманына алғысын айтты.

«Гранттар туралы ешбір ертегіге сенбеңіздер, Qaznews24  жарнама берушілер мен жазылушылардан түскен донаттардан басқа ешкімнен бір тиын да алған емес. Біздің мақсатымыз саяси сатираның елімізде өмір сүруге құқығы бар екенін көрсету еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл «Жаңа Қазақстанда» мүмкін болмай шықты. Барлық жазылушымызға қолдаулары үшін алғыс айтамыз. Біз сіздер үшін жұмыс істедік»,—деп толықтырды парақша әкімшілері.

Еске салайық, сәуірде сатиралық пабликтің авторы Темірлан Еңсебек шартты түрде 5 жылға сотталған еді. Ол ҚК 174 (Ұлтаралық араздықты қоздыру) бабына сәйкес кінәлі деп танылған.

评论