Әлеуметтік желіде көшеде құлап жатқан жасөспірімдердің бейнежазбасы тарады. Видео авторы, заңгер Сәуле Бикитееваның айтуынша, оқиға Алматы қаласында болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ата-аналар, балапандарыңызға қараңыздаршы. Мына көрініс шынымен де қорқынышты. Арбаттан 6 жасөспірімді кездестірдім. Олардың жағдайы нашар болды. Су беріп, жедел жәрдем шақырдым»,—деді белсенді.
Алматы қаласы бойынша балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Диана Ерлан бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ол жасөспірімдердің полиция бөлімшесіне жеткізілгенін атап өтті.
«Екі бала ішімдіктен улану белгісі бойынша балаларға арналған қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, қалғандары медициналық сараптама үшін апарылды. Болған оқиғаның толық мән-жайын полиция анықтап жатыр»,—деді уәкіл.