Алматы облысының әкімдігі баланы иттен құтқарған ер адамды марапаттады

1230
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WTSULYsGn0JP1NYW2l34iTsfuyqfdgtzirrEMvnv.webp

Алматы облысының әкімдігі 10 жастағы баланы ит шабуылынан аман алып қалған Алмалыбақ ауылының тұрғыны Серікбек Сақайбаевты марапаттады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеп. 

Мәлімет бойынша, 30 маусым күні Алмалыбақ ауылында орналасқан футбол алаңында 10 жастығы Максимге бірнеше ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды.

“Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келгенше ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі”,– деді әкімдік.

Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров оған алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Сонымен қатар, шараға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа алғыс хат пен естелік сыйлық берді.

Еске сала кетейік, Алматы облысы Қарасай ауданында футбол алаңында ойнап жүрген балаға жеке аумақтан шығып кеткен үш ит шабуыл жасаған болатын.

Кейін Бас прокуратура аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Сондай-ақ Алматы облысының полиция департаменті баланы иттердің шабуылынан аман алып қалған ер адамның жауапқа тартылатыны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

评论