Депутаттар каникулға шықты

1169
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0DQp2kV1ak5GxRde138Mj1iTifUCD4yIYc98yOnM.webp

Бүгін, 30 маусымда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған Қазақстан Парламенті үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол парламенттік қызметте маңызды шешімдер қабылданғанын жеткізді. 

«Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттері біздің жұмысқа серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік»,—деді Қошанов.

Айтуынша, биыл базалық зейнетақы 6,5 процентке, ал сабақтас зейнетақы 8,5 процентке өскен. Одан бөлек, әлеуметтік көмек алатындардың саны артқан.

«Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы көтеру жоспарлануда. Кейінгі бес жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстемеақы қарастырылды»,—деп түсіндірді спикер.

Айта кетейік, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қыркүйекке дейін демалады.

评论