Жетісу облысында қызметтік міндетін атқару барысында екі полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеді.
«Талдықорған – Текелі автожолында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жол апаты салдарынан көліктегі жүргізуші мен жолаушы – қызметтік міндетін атқарып жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлері оқиға орнында қаза тапты», – деп мәлімдеді Жетісу облысы Полиция департаменті.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатынан қаза тапқан Жетісу облысы Полиция департаментінің қызметкерлері – полиция майоры Арнұр Алханов пен полицияның аға лейтенанты Шыңғыс Әсілбековтің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Олардың есімдері әрдайым әріптестерінің жадында сақталады», – деп жазды Ержан Саденов Instagram парақшасында.
Министр сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қаза тапқан қызметкерлердің отбасына қажетті көмек көрсететінін атап өтті.