«Орыстар әлдеқайда білімді...» Марғұлан Тұрсыновтың жазбасы қоғамда дау тудырды

1149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9e2imvBWn36gwDATx3hDs5ai3PO60Hs30SWApgP7.jpg

ZTB жобасының негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов әлеуметтік желіде жазған пікірі арқылы қоғамда үлкен дау туғызды. Threads парақшасында ол еліміздегі орыстарды «әлдеқайда білімді, жауапты және тұрақты» деп атаған болатын, деп хабарлайды “Адырна”.

«Біздің елде орыстарға қатысты ұлтшылдық байқалады. Мен көп жағдайда оларға жүгінемін. Өйткені мен оларды әлдеқайда білімді, жауапты әрі тұрақты деп санаймын», – деп жазды Тұрсынов.

Бұл мәлімдеме желі қолданушылары тарапынан теріс қабылданды. Көпшілік оны «құлдық сана көрінісі», «ұлтты кемсіту» деп бағалап, ашық сынға алды.

«Өзімізге баға беру үшін біреуді аспандатып, өзімізді жерге ұрудың керегі жоқ. Тағы оны орыс тілінде жаздыңыз. Жаныңыз ашыса, қазақша жазыңыз», – деп пікір қалдырды беосенді қолданушының бірі.

Қоғамның реакциясы мен сыннан кейін Марғұлан Тұрсынов аталған жазбасын өшіріп тастап, кешірім сұраған. Алайда, көп ұзамай кешірім сұраған жазбасы да желіден жоғалып кеткен.

Бұл оқиға тек желідегі пікірталаспен шектелмей, заң аясында жауапкершілік мәселесіне де ұласты. Белгілі PR маманы Айбар Олжай Тұрсыновтың жазбасындағы «олар әлдеқайда білімді, жауапты және тұрақты» деген тіркесті “ұлттық араздықты қоздыру” деп бағалап, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабын бұзу мүмкіндігіне назар аударды. Тиісті тұлға осы мәселеге байланысты Бас прокуратураға ресми арыз жолдағанын мәлімдеді.

 «ZTB паблигінің иесі Марғұлан Тұрсынов жазған пікір — бір ұлтты бір ұлттан жоғары қою. Бұл — "арийлік расаның үстемдігі" деген фашистік идеологияға ұқсас. Сол себепті Бас прокуратураға материалдарды тіркеп, арыз түсірдім. Прокуратура өз тарапынан тексеріс жүргізеді немесе Ішкі істер министрлігіне жолдайды».

Қазіргі уақытта бұл іс бойынша ресми органдар тарапынан қандай да бір мәлімдеме жасалған жоқ. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары бұл мәселені жіті бақылап отыр.

评论