Тұңғыш Президент – Елбасының тестілерін өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Енді президенттік тест ережелерінде «Елбасы» сөзі болмайды. Өзгерістер 12 маусымдағы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілген.
«Құжаттың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасы халқының физикалық дайындығына Президенттік тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы»,—делінген хабарламада.
Бұған дейін құжат «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін өткізу қағидаларын бекіту туралы» деп жазылған еді.
Айта кетейік, бұйрық 16 маусымда күшіне енді.
2023 жылы «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заң күшін жойған болатын.