Қазақстан мен Ресей АЭС салу бойынша жол картасын бекітті

900
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2021/02/aes-v-kazahstane.jpg

Қазақстан мен Ресей атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша индикативті жол картасын бекітті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2025 жылғы 20 маусымда Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстан Республикасында атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кездесті. Кездесу барысында инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізуді, EPC-келісімшарт жасауды және жобалық құжаттаманы әзірлеуді қамтитын жобаны дайындау мен жүзеге асыру кезеңдерін қарастыратын Индикативті жол картасы бекітілді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Атомстройэкспорт» АҚ (РФ «Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік компаниясы) арасында Алматы облысы Жамбыл ауданындағы жобаны іске асыру бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаларын айқындайтын негіздемелік келісімге қол қойылды.

Агенттіктің мәлімдеуінше, бұл стратегиялық жоба – бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ел экономикасын декарбонизациялауға бағытталған стратегиялық мақсаттарды көздейді.

Тараптар Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие бұл жобаны жүзеге асыруды жедел бастау қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан тарапының елімізде атом станциясын салатын халықаралық консорциумды басқаруды бізге сеніп тапсырғанына ризамыз. Қазақстан – атом саласындағы сенімді тарихи серіктесіміз. Ресейлік ядролық технологиялар өзінің сенімділігімен, қауіпсіздігімен және тиімділігімен дәлелденген, олар Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеп, елдің энергетикалық егемендігін нығайтады деп сенеміз», – деді Алексей Лихачев.

Ал Қазақстан тарапының басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, елде атом станциясын салу – энергетика саласын тұрақты дамытуға бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі.

Айта кетейік, 14 маусымда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы салатыны белгілі болды. Ал екінші АЭС-ті салу үшін қытайлық компанияның ұсынысы қаралып жатыр. Атом энергиясы жөніндегі агенттік өкілдерінің айтуынша, «Росатом» салып жатқан алғашқы АЭС-ке қатысты батыс санкцияларының әсері болмайды. Бірінші АЭС-ті салу мерзімі – 10–12 жыл.

评论