Қазақстан Қарашығанақта ГӨЗ салудан бас тартты

926
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bk0jK1CqUu8LqrlUZIrJms4jNoF2jrDuN8dVwDQt.jpg

Қазақстан билігі италиялық Eni мен британдық Shell басшылық ететін серіктестікпен Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салудан бас тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Қазақстан келіссөздердің қорытындысы бойынша акционерлер қойған шарттарды экономикалық тұрғыдан қолайсыз деп таныды. Бұл шарттардың ішінде Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты құрылысының 100% шығынын өтеуден бөлек, қосымша 1 миллиард доллар төлеу талабы да болды», – делінген хабарламада.

Акционерлер мұндай талаптың себебін зауыт құрылыс шығындарын 3–4 жыл ішінде ақтап шығару мүмкін емес екендігімен түсіндірген. Себебі, өнімді бөлісу туралы келісімнің мерзімі 2033 жылы аяқталады.

Сондай-ақ, инвесторлар тарапынан Қазақстанмен кірісті негізсіз алып тастау бойынша жүріп жатқан арбитраждық дауларды толық тоқтату талабы да қойылған.

«Осыған байланысты Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасына қатысты келіссөздер, өнімді бөлу туралы Қарашығанақ жобасы аясында басталғанымен, қазіргі уақытта аяқталды. Дегенмен, Қарашығанақ кен орнының газ әлеуеті әлі де зерттеліп жатыр», – деп нақтылады Энергетика министрлігі.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі Қазақстан билігінің бұл жобаны «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының еншілес компаниясы  «ҚазМұнайГазға» беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны Батыс Қазақстанда, 280 шаршы шақырымнан астам аумақта орналасқан және әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Ол 1997 жылы 18 қарашада Қазақстанмен жасалған өнімді бөлісу туралы келісім аясында халықаралық консорциум тарапынан игеріліп келеді.

Қарашығанақ жобасының операторлары - Royal Dutch Shell мен Eni компаниялары, әрқайсысының үлесі – 29,25%. Сонымен қатар, Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13,5%) және ҚазМұнайГаз (10%) жобада үлеске ие.

Қазір кен орнында өндірілген газдың көп бөлігі қайтадан жер қойнауына айдалады, ал қалғаны Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына жіберіледі, себебі Қарашығанақта өз газ өңдеу инфрақұрылымы жоқ. Бұл зауытты салу туралы мәселе 2000-жылдардан бері көтеріліп келеді.

评论