Шерзат Полаттың өліміне қатысты үкім шыққаннан соң марқұмның әкесі алғаш рет ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында Қаржаубай Нұрымов Айтбек Амангелдімен ара-қатынасының үзілу себептерін түсіндірді.
«Мен Айтбектен ғана бас тарттым, адвокаттардан емес. Бірақ Айтбек адвокаттарға сырттан ешкімді қоспауға бұйрық беріп, менің ұсынысым қабылданбады.
Басында Айтбектің қолдауына сеніп едім. Алайда уақыт өте келе сенімім ақталмады. Сот процесінде көптеген түсініспеушіліктер туындады. Ақырында мен адвокаттардан сенімхатты қайтарып алып, істі Мейірман ағайға тапсырдым», – деді Нұрымов.
Оның айтуынша, істің «адам өлтіру» емес, «бұзақылық» бабымен қаралып жатқанын сотқа 10 күн қалғанда ғана білген. Бұл өзгерісті оған адвокаты Мейірман Шекеев хабарлапты.
Айта кетейік, бастапқыда күдіктілерге ҚР ҚК 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалған, кейіннен ол 293-бапқа ("Бұзақылық") ауыстырылған.