Камикадзе дрондар және жеңіл ұшақтар. Өзбекстан әскери әлеуетін танытты

2342
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/7fb1fb70-83d5-4644-b795-6fc425502cb0-960x500.jpeg?token=31e5d1fd86a6f9d3bdf65cc5a0a4fe6e

2025 жылдың 29 мамыры мен 1 маусымы аралығында Ташкент қаласындағы «Жеңіс саябағы» мемориалдық кешенінде қорғаныс саласындағы екінші инновациялық технологиялар фестивалі – MSITF-2025 өтті. Іс-шарада Өзбекстанда өндірілетін заманауи қару-жарақ пен қосарлы мақсаттағы өнімдер көпшілікке ұсынылды, деп хабарлайды “Адырна”.

Фестивальдің ашылуында сөйлеген Өзбекстанның қорғаныс министрі, генерал-майор Шухрат Халмухамедов соңғы жылдары елдің Қарулы күштері түбегейлі жаңарып, әскери салаға заманауи технологиялар белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, жаңа әскери зауыттар ашылып, бұрыннан бар өндіріс орындары қайта жаңғыртылған. Қорғаныс-техникалық салада 50 елмен әріптестік орнатылып, 30-дан астам шетелдік компаниялармен келісімдер жасалған. Нәтижесінде, шығарылатын өнім түрі 155 атауға жеткен.

Фестиваль аясында жастар арасында бірқатар техникалық байқаулар ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Киберспорт», «Үздік хакер», «Дрон жобалау», «3D моделдеу» және «Роботтар шайқасы» сияқты бағыттар бар. Бұл жарыстар жас мамандарды әскери-инженерлік салаларға тарту және отандық өндірістерге қызығушылықты арттыру мақсатында өткізілді.

Көрмеде ерекше орын алған – ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар). Өзбекстанда жасалған Lochin ұшқышсыз барлау кешені 5 000 метр биіктікте 6 сағат бойы ұшып, 100 км қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Ал Samum 80 атты дрон-камикадзе 8 келі жарылғыш затты 140 км/сағ жылдамдықпен 80 км қашықтыққа жеткізе алады.

Сондай-ақ, көрмеде жерүсті дрондар – барлау мақсатындағы AstroDog және жарылғыш не гуманитарлық жүк тасымалдай алатын BUSTR платформасы да көпшілікке ұсынылды.

MSITF-2025 көрмесінде алғаш рет жеңіл авиация саласында жасалған бірегей жоба – екі адамға арналған шағын ұшақ таныстырылды. Словакиялық Tomark компаниясы және Өзбекстандағы серіктестерімен бірлесіп жасалған бұл ұшақ 1200 км қашықтықты тоқтаусыз ұшып өтіп, 200 км/сағ жылдамдықпен қозғала алады. Құны – шамамен 300 мың АҚШ доллары.

Ауыр әскери техникалар да көрмеден тыс қалған жоқ. Т-64 танкісі жаңа қозғалтқышпен жабдықталып, 125 мм зеңбірекпен толықтырылды. Сонымен қатар, Arslon бронетранспортерлері мен жаңартылған БМ-21 «Бурон» реактивті жүйесі көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қорғаныс саласындағы инновациялық дамуды көрсету және жастарды заманауи әскери-техникалық мамандықтарға тарту. Өзбекстан әскери доктринасының қорғаныстық сипатта екені де ресми түрде ескертілді.

Yorumlar
Diğer Haberler