SpaceX ғарыштан оралған Starship кемесін алғаш рет ұстап алды

260
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YIMiHtf8WLUr1K82kpTKMCZugWw1EUqlnkWNJ0po.webp

Фото: spacex.com

АҚШ-тың SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесін орбиталық ұшудан кейін Жерге қайтарып, оны алып механикалық манипуляторлар арқылы сәтті ұстап қалды. Бұл – компанияның толықтай қайта пайдалануға болатын зымыран жүйесін жасау жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі. Сынақ 14 қарашада АҚШ-тың Техас штатындағы Starbase ғарыш айлағында өтті, деп хабарлайды “Адырна”.

SpaceX мәліметінше, Starship 15-ші сынақ ұшуы барысында ғарышта 22 сағаттан астам уақыт болған. Осы кезеңде кеме Жерді 14 рет айналып, орбитаға жаңа буындағы 26 Starlink спутнигін жеткізді.

Орбиталық миссиясын аяқтаған аппарат Жер атмосферасына қайта еніп, ұшырылым алаңына қарай бағыт алды. Қонуға жақындаған кезде тік қалыпқа келіп, қозғалтқыштарын іске қосқан Starship старттық мұнараға жақындады. Осы сәтте оны Mechazilla деп аталатын алып механикалық жүйе екі манипулятордың көмегімен ұстап қалды.

Бұған дейін SpaceX компаниясы Super Heavy зымыран үдеткішін осындай тәсілмен бірнеше рет сәтті қайтарған еді. Ал Starship кемесінің орбиталық ұшудан кейін мұнараның механикалық манипуляторларымен алғаш рет ұсталып отырғаны осы.

Алайда сынақ толықтай сәтті өтті деуге келмейді. Ұшырылымнан кейін бөлінген Super Heavy үдеткіші кері қайту кезінде техникалық ақауға тап болып, старт алаңына қона алмады. Нәтижесінде ол Мексика шығанағына бағытталып, кейіннен қираған. Осыған байланысты бір ұшу барысында зымыранның екі бөлігін де қайтару міндеті орындалмады.

Соған қарамастан, Starship кемесін сәтті ұстап қалу SpaceX үшін маңызды технологиялық қадам саналады. Компанияның түпкі мақсаты – зымыранның екі сатысын да қайта пайдалану арқылы ғарышқа ұшу құнын төмендетіп, жаңа миссияларға дайындық уақытын қысқарту.

Айта кетейік, Starship жүйесі NASA-ның Artemis бағдарламасы аясында Айға адам мен жүк жеткізуге арналған жобалардың бірі ретінде әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта бұл технологияны Марсқа бағытталған экспедицияларда да пайдалану көзделген.

Бұған дейін, 29 қыркүйекте, SpaceX компаниясы Starship кемесін 14-ші сынақ ұшуы кезінде Жер орбитасына шығарған болатын. Сол миссия барысында аппарат Starlink спутниктерін жеткізгенімен, оны ұшырылым алаңына қайтару жоспарланбаған еді.

Yorumlar
Diğer Haberler