Қазақстанда дрон шығаратын орталық сатылымға шығарылды

102
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tvxZJdyDaKwdh5OkHr32PI2YodCpSvZRjsyiLqHM.webp

«Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы» сатылымға шығарылды. Бұл туралы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі NBK-ға сілтеме жасап.

Кәсіпорынның бастапқы бағасы 1 млрд 120,3 млн теңге болып белгіленген.

E-qazyna.kz порталындағы сауда-саттық туралы хабарландыруға сәйкес, аукцион 27 қарашада өтеді. Қазіргі уақытта әлеуетті сатып алушылардан өтінімдер қабылданып жатыр. Кепілдік жарна көлемі – 168 млн теңге.

Сатылымға жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлес, яғни кәсіпорынның толық меншігі шығарылған. Оның құны 1 млрд теңгені құрайды. Компанияда 58 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорын Астана қаласында орналасқан. Ол қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, тәжірибелік әзірлемелермен айналысады.

Сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелердің операторларын даярлап, әскери дрондар шығарады. Өнімдерінің қатарында «Шағала-М» барлау-соққы дроны, Samuryq барлау ұшқышсыз ұшу аппараты, жүк тасымалдауға арналған квадрокоптерлер, камикадзе-дрондар, барраждаушы оқ-дәрілер мен әуе нысаналары бар. Бұдан бөлек, орталық мобильді робототехникалық кешендер де өндіреді.

Орталықтың Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі үшін маңызы зор болғанымен, қаржылық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Соңғы есепті жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның кірісі 139,7 млн теңгені құраса, шығындары шамамен 724,7 млн теңгеге жеткен. Қысқа мерзімді активтері 465 млн теңге, ұзақ мерзімді активтері 250,8 млн теңге деп бағаланған. Ал міндеттемелерінің көлемі 704,8 млн теңгені құраған. Компанияның рентабельділігі нөлдік деңгейде болған.

Қазан айының соңындағы жағдай бойынша кәсіпорынның кредиторлар алдындағы берешегі шамамен 493,4 млн теңгеге жеткен. Оның басым бөлігі алынған аванстар мен қарыздар бойынша міндеттемелерден тұрады. Сонымен қатар сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің «R&D орталығына» берешегі шамамен 305 млн теңгені құрайды.

Yorumlar
Diğer Haberler