Президент Азия ойындарының чемпиондарын марапаттады: қазақ спортының бүгінгі әлеуеті қандай?

269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vKtWxL7ZPpM4PCrNvP8LZi2ZxYPKKzCWZ9z6Lwrp.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктері ел мақтанышы екенін атап өтті. Сондай-ақ спорттағы әрбір жеңіс жас ұрпаққа шабыт беріп, отансүйгіштік рухты нығайтатынын жеткізді.

Осы орайда қазақстандық боксшы, «Спортшылар кеңесінің» спорт директоры Қамшыбек Қоңқабаев отандық бокс мектебінің жетістіктері, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі және спортшыларды даярлау жүйесіндегі өзгерістер туралы пікір білдірді. Ол Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың жеңістеріне тоқталып, ұрпақтар сабақтастығы мен бапкерлер еңбегінің маңызын атап өтті.

Сұхбат барысында 2027 жылы Қазақстанда өтетін бокстан әлем чемпионатының маңызы, өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту және балалар спортын қолдау мәселелері де қозғалды. Қамшыбек Қоңқабаевтың айтуынша, қолжетімді спорт секциялары, білікті жаттықтырушылар мен жүйелі мемлекеттік қолдау ауыл-аймақтардан жаңа чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде қазақстандық боксшылар Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың жетістіктерін ерекше атап өтті. Отандастарымыздың нәтижелерін қалай бағалайсыз? Бұл жеңістер қазақстандық бокс мектебінің бүгінгі әлеуеті мен деңгейі туралы нені аңғартады?

— Бұл жеңістерге шын жүректен қуанамын. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта, ал ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының чемпионы атанды. Екі спортшымыз да жоғары шеберлік, мықты мінез және жеңіске деген жігер танытып, еліміздің мерейін үстем етті. Азия құрлығындағы бокс бәсекесі өте жоғары екенін ескерсек, бұл алтын медальдардың маңызы ерекше.

Әсіресе, Төреханның жастығына қарамастан осындай ірі додада топ жаруы оның үлкен әлеуетін көрсетеді. Ал Айбектің құраманың капитаны ретінде чемпион атануы команданың көшбасшылық дәстүрін жалғастырып отырғанын аңғартады. Мұндай жеңістер спортшының жеке дайындығының нәтижесі ғана емес, бапкерлер құрамының жүйелі еңбегі мен отандық бокс мектебінің қалыптасқан тәжірибесінің жемісі деп білемін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жігіттердің жетістігін марапаттау рәсімінде жеке атап өтуі бүкіл бокс қауымдастығы үшін үлкен мәртебе әрі зор қолдау. Бұл – спортшылардың еңбегіне берілген жоғары баға. Осындай құрмет жас боксшыларға да ерекше серпін беріп, үлкен мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіреді.

Жалпы, бұл нәтижелер қазақ бокс мектебінің әлеуеті жоғары екенін және жаңа буынның қалыптасқан дәстүрді лайықты жалғастырып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде елімізде халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, техникалық дайындығы жоғары, жеңіске деген рухы мықты спортшылар өсіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта да боксшыларымыздан жарқын жеңістер күтемін. Ең бастысы, осындай жетістіктер кейінгі жас буынға үлгі болып, елімізде бокс спортының одан әрі дамуына ықпал етеді.

— Қазақстан боксы халықаралық аренада дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сіздің ойыңызша, оның әлемдік бәсекеге қабілеттілігін сақтауға қандай артықшылықтар ықпал етіп отыр? Соңғы жылдары спортшыларды даярлау жүйесінде қандай маңызды өзгерістер болды?

— Біздің басты артықшылығымыз – қалыптасқан мықты бокс мектебі мен ұрпақтар сабақтастығы. Қазақстандық бокстың өзіндік дәстүрі бар. Тәжірибелі чемпиондар мен білікті жаттықтырушылар өздерінің мол тәжірибесі мен білімін жас спортшыларға үйретіп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлес қосып келеді. Осындай сабақтастықтың арқасында бокс мектебіміздің деңгейі жылдан-жылға нығайып келеді.

Соңғы жылдары спортшыларды даярлау жүйесінде де маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жаттықтырушылардың жалақысы өсті, жаттықтырушылық қызмет, оқыту әдістемесі және спортшыларды оңалту бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Бұл мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, заманауи дайындық тәсілдерін тәжірибеге енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар ұлттық құрамалардың халықаралық жарыстарға дайындығына тұрақты қолдау көрсетіледі. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, спортшылардың физикалық және тактикалық дайындығын жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұның барлығы боксшылардың шеберлігін шыңдап, халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетуіне тікелей ықпал етеді.

— Мемлекет басшысы спорттың Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудағы маңызын атап өтті. 2027 жылы елімізде бокстан әлем чемпионаты өтеді. Осындай ауқымды жарысты қабылдаудың отандық бокс мектебі мен еліміздің спорттық әлеуетін одан әрі дамыту үшін маңызы қандай?

— Әлем чемпионатын өз елімізде өткізу – біз үшін үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік. Мұндай ауқымды жарыстың Қазақстанда ұйымдастырылуы отандық бокс мектебінің дамуына тың серпін береді. Әсіресе, өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету спортшыларға ерекше жігер беріп, жеңіске деген ұмтылысын арттырады. Туған елдің қолдауын сезіну әр боксшы үшін маңызды мотивация деп ойлаймын.

Сонымен қатар бұл чемпионат жас боксшылар үшін үлкен тәжірибе әрі шабыт көзі болмақ. Олар әлемнің үздік боксшыларын өз көзімен көріп, олардың шеберлігі мен дайындық деңгейін бағалап, болашақта солардай биік белестерді бағындыруға ұмтылады. Мұндай халықаралық жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

Бұдан бөлек, әлем чемпионатын өткізу Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттырып, еліміздің ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін нығайтады. Бұл отандық бокс үшін де, жалпы еліміздің спорт саласы үшін де маңызды оқиға болмақ. Сондықтан алдағы чемпионаттан үлкен үміт күтеміз.

— Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында барлық өңірде спорт нысандарын салу көзделген. Заманауи спорт инфрақұрылымын кеңейту, әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлерде бокстың дамуына қаншалықты ықпал ете алады?

— Инфрақұрылым – спортты дамытудың негізгі тіректерінің бірі. Елімізде спортқа қызығатын, бойында қабілеті бар талантты балалар көп. Ең маңыздысы – олардың өз әлеуетін ашуына қажетті жағдай жасау. Соның ішінде сапалы жаттығу залдары мен заманауи спорт нысандарының қолжетімді болуы ерекше рөл атқарады.

Соңғы жеті жылда елімізде 536 жаңа спорт нысаны салынды. Ал Мемлекет басшысы жариялаған бағдарлама аясында алдағы уақытта барлық өңірде жаңа спорт нысандары бой көтереді. Бұл бастамалар әсіресе шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі балалар үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын. Өйткені заманауи спорт залдары ашылса, ауыл жастары да кәсіби жаттығуға қатысып, өз шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа қадам баса алады.

Бокс тарихына көз жүгіртсек, талай танымал чемпион қарапайым ауылдар мен шағын қалалардан шыққан. Сондықтан әрбір елді мекендегі жас таланттың жолын ашу маңызды. Бүгінгі таңда жасалған жағдай ертең халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайтын жаңа чемпиондардың қалыптасуына негіз болады.

— Қасым-Жомарт Тоқаев балалар спортын дамытуды мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде атады. Өз тәжірибеңізге сүйене отырып айтсаңыз, өңірлердегі дарынды балалардың алғашқы жаттығуларынан бастап халықаралық жеңістерге дейінгі жолдан өтуі үшін қандай жағдайлар қажет? Бұл ретте мемлекеттік қолдау мен жас спортшылармен жүйелі жұмыстың рөлі қандай?

— Талантты спортшының үлкен жолы ең алдымен алғашқы жаттығудан басталады. Сондықтан бұл бағыттағы басты шарт – білікті жаттықтырушы мен балаларға қолжетімді спорт секцияларының болуы. Баланың бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны дұрыс бағыттап, спортқа деген қызығушылығын арттыру маңызды. Осы ретте жаттықтырушының кәсіби шеберлігі мен тәрбиелік еңбегінің орны ерекше.

Қазіргі таңда мемлекет балаларға арналған тегін спорт секциялары мен үйірмелерді қаржыландырып отыр. Бұл, әсіресе, өңірлер мен ауылдық жерлерде тұратын балалар үшін үлкен мүмкіндік. Әрбір баланың отбасылық жағдайына қарамастан спортпен айналысып, өз қабілетін дамытуға жол ашылады. Мұндай қолдау жас спортшылардың қатарының көбеюіне және жаңа таланттардың анықталуына ықпал етеді.

Одан кейін әр спортшының дайындығын жүйелі түрде бақылап, қабілетіне қарай жарыстарға қатыстырып, кәсіби өсуіне қажетті қолдау көрсету қажет. Спортшының жетістігі – ұзақ уақытқа созылатын еңбектің нәтижесі. Егер мемлекеттік қолдау, жаттықтырушының білімі мен тәжірибесі және баланың өз талпынысы бір арнада тоғысса, ауылдан шыққан жас спортшының да әлем чемпионы атануға толық мүмкіндігі бар. Біздің мақсатымыз – осындай таланттардың жолын ашып, олардың үлкен спортта өз орнын табуына жағдай жасау.

Yorumlar
Diğer Haberler