Қырғызстанда жалақы инфляция деңгейіне қарай өспек

221
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jn9TfOB0uRQFPWURWcfkbyQuC4Aijw5GJna23cQ0.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде жалақыны міндетті түрде индекстеу туралы заңға қол қойды. Енді тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне байланысты азаматтардың табысы да артып отырады. Бұл туралы Kaktus.media жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жаңа заңға сәйкес, жұмыс берушілер азаматтардың табысы құнсызданбауы үшін бағаның өсуіне қарай жалақыны көтеруге міндетті. Индекстеу тәртібі ұжымдық шарттарда, келісімдерде немесе ұйымдардың ішкі нормативтік құжаттарында белгіленеді.

Banks.kg мәліметінше, Қырғызстанда жалақыны міндетті индекстеу талабы бұрын да болған. Алайда 2025 жылы жаңа Еңбек кодексі қабылданғаннан кейін бұл норма заңнан алынып тасталған. Соның салдарынан азаматтардың әділ еңбекақы алуға қатысты құқығы сақталғанымен, бағаның өсуін өтеуге арналған нақты тетік заңнамада қарастырылмай қалған.

Жогорку Кенеш депутаттары міндетті индекстеуді қайта енгізу қажеттігін ақшаның құнсыздануымен түсіндірді. Атап айтқанда, 2022–2024 жылдары елдегі жиынтық инфляция деңгейі 28 пайыздан асқан. Соның салдарынан жалақысы тұрақты түрде қайта қаралмаған азаматтардың сатып алу қабілеті төмендеген.

Еңбек кодексінің 91-бабына енгізілген түзетулер осы олқылықтың орнын толтырады. Алайда жалақы мөлшері барлық қызметкер үшін бірдей әрі автоматты түрде өспейді.

Қосымша төлемнің мөлшері мен оны есептеу тәртібі жұмыс саласына байланысты болады. Бюджеттік сала қызметкерлері үшін тиісті ережелерді үкімет әзірлейді. Ал жеке секторда индекстеу мөлшері мен мерзімділігі жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы ішкі келісімдер мен шарттарда белгіленеді.

Yorumlar
Diğer Haberler