Трамп Украина шекарасының өзгеруі мүмкін екенін меңзеді

241
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Niph45nyzY8gjhXdlLsjFTNYBu0RQJTksH24yydn.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған бейбіт келісімге жақын арада қол жеткізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол келісім нәтижесінде Украинаның мемлекеттік шекарасы өзгеруі ықтимал екенін тілге тиек етті. Бұл туралы ол YouTube желісіндегі 60 Minutes арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Журналист Трамптың билікке келген кезде Украинадағы соғысты тоқтатуға уәде бергенін, алайда соғыс әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты жүргізуші президенттен бейбітшілікке қол жеткізуге кедергі болып отырған басты себепті сұрады.

«Зеленский мен Путиннің арасындағы өшпенділік… Егер мен президент болғанымда, бұл соғыс ешқашан басталмас еді. Бұған ешқандай мүмкіндік болмас еді. Алайда соғыс басталып кетті. Менің ойымша, біз келісімге қол қоюға өте жақынбыз», – деп жауап берді Трамп.

АҚШ басшысынан Украина президенті Владимир Зеленскийге ме, әлде Ресей президенті Владимир Путинге ме көбірек сенетіні сұралды. Алайда Трамп бұл сұраққа тікелей жауап бермеді. Оның айтуынша, екі көшбасшымен де қарым-қатынасы жақсы және олардың кездесуі жоспарланған. Әңгіме 10–11 қарашада Абу-Дабиде өтеді деп жоспарланған Украина, АҚШ және Ресей арасындағы келіссөздер туралы болуы мүмкін.

Бұдан кейін Трамп соғыстың аяқталуына себеп болатын жалғыз адам – өзі екенін айтты.

Журналист Зеленскийдің Ресей Украинаға басып кіргендіктен Путинге деген өшпенділігі түсінікті емес пе деген сауал қойды.

«Иә, мұны түсінуге болады. Бірақ мұның бәрі өте күрделі болды… Олардың алғашқы кездесуі кезінде Ресей үлкен құрметсіздікке тап болды. Сондықтан бұл туралы ештеңе айтпаймын… Мен президент болған төрт жыл ішінде (2016–2020 жылдардағы алғашқы президенттік мерзімі – ред.) бұл соғыс басталған жоқ. Путин мұны қатты қалағанымен, соғыс ешқашан басталмас еді», – деді Ақ үй басшысы.

Журналист Трамптың бейбіт келісім жақын арада жасалатынын қайта-қайта айтатынын, алайда іс жүзінде оған кедергі келтіріп отырған тарап Путин болуы мүмкін екенін еске салды. Сондай-ақ Украинаға көрсетілетін көмектің тоқтатылуы және Ресеймен жасалған дизель отынына қатысты келісім туралы сұрақтар қойылды. Бұған жауап ретінде Трамп өзінің Ресейге қатысты ұстанымы қатаң екенін мәлімдеді.

«Ресейге менен артық қатаң саясат жүргізген ешкім жоқ… Сауда саласында оларға қатысты не істегеніме, қандай санкциялар енгізгеніме және басқа да шараларыма қараңыздар… Мен дизель отынына салынған санкцияларды алып тастаған жоқпын. Ресейге мұнай мен дизель отынын АҚШ-қа емес, бүкіл әлемге жеткізуге рұқсат бердім. Әлемге мыңдаған баррель мұнай мен дизель отыны қажет болды… Менің не істегеніме қараңыздар. “Обама оларға (Украинаға – ред.) көрпе берді, ал мен танкіге қарсы қару бердім” деген ескі сөз бар. Мен оларға осындай қарудың мыңдаған данасын жеткіздім», – деп атап өтті АҚШ президенті.

Yorumlar
Diğer Haberler