Нетаньяхудың орнына кім келеді? Израильде үкімет жасақтау басталды

95
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nnYq6a9I2mxhIzQX4anGxLI6e6EgNaWdGKcA8Cln.jpg

Израиль президенті Ицхак Герцог елде жаңа үкімет құру жөніндегі мандатты бұрынғы Бас штаб бастығы, «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкотқа беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Al Jazeera телеарнасы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Президенттің бұл шешімі туралы саясаткерге 7 қараша күні кешке хабарланған. Ал үкімет жасақтауға арналған ресми мандат 8 қарашада табысталмақ.

Ицхак Герцог мұндай шешімге 27 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін партия өкілдерімен өткізілген консультациялардың нәтижесінде келген. Келіссөз барысында Кнессеттегі 67 депутаттық орынды иеленген саяси күштердің өкілдері Гади Айзенкоттың кандидатурасын қолдаған. Ал қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды 46 депутат қолдаған.

Айзенкотқа жаңа билеуші коалицияны қалыптастыру үшін 28 күн беріледі. Егер бұл уақыт жеткіліксіз болса, мерзімді қосымша 14 күнге ұзартуға болады.

Алайда жаңа үкіметті жасақтау оңайға соқпайын деп тұр. Себебі Кнессеттегі 120 орынның кемінде 61-іне ие болған саяси күш қана парламенттік басымдыққа қол жеткізе алады. Сайлау нәтижесінде Айзенкот бастаған альянс 48 мандат иеленсе, Нетаньяху блогы 53 орынға ие болған. Ал қалған 19 депутаттық орын араб партияларына тиесілі.

Айзенкоттың кандидатурасын ұсыну кезінде араб партияларының кейбірі оны қолдағанымен, саясаткер олардың өкілдерін болашақ үкімет құрамына енгізу жоспары жоқ екенін бұған дейін мәлімдеген. Осыған байланысты оған парламенттегі өзге саяси күштермен келісімге келіп, қажетті дауыс санын жинауға тура келеді.

Егер Гади Айзенкот белгіленген мерзім ішінде үкімет жасақтай алмаса, Израиль президенті бұл міндетті басқа үміткерге тапсыруы мүмкін.

Ал жаңа кабинет жасақталғанға дейін Биньямин Нетаньяху премьер-министр қызметін уақытша атқара береді.

Yorumlar
Diğer Haberler