Секта жетекшісі екі жүз жылға сотталды

102
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/e2yWW8b7aHrbKUjAOoxSra1EfxEoSlsTY8mjFfVa.jpg

Кенияда «Ізгі хабар» сектасының жетекшісі Пол Маккензи 190 баланы және бір ересек адамды өлтіруге қатысы бар қылмыстары үшін 200 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

CNN дерегінше, оның жақтастарының мәйіттері әлі де табылып жатыр. Тергеу мәліметінше, құрбандардың басым бөлігі күштеп аштық жариялатудың салдарынан көз жұмған. 

Момбаса қаласының Жоғарғы соты Пол Маккензиге 100 жылдық екі жаза тағайындады. Оның біріншісі – күштеп аштық жариялатудан болған өлімдерге, екіншісі – жақтастарын тікелей өлтіруге байланысты. Сонымен қатар оның 28 сыбайласы да ұзақ мерзімге сотталды.

Судья Диана Каведзаның айтуынша, сот айыпталушыларға өлім жазасын тағайындамаған. Себебі бұл олардың өлім арқылы Исамен қауышамыз деген сенімін одан әрі күшейтуі мүмкін еді. Сондай-ақ әлі табылмаған балалардың сүйегін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сотталғандардың тірі қалғандары олардың жерленген орындарын анықтауға көмектесуі мүмкін. Сот отырысы кезінде айыпталушылардың басым бөлігі жасаған әрекеттеріне өкінбеген. Үкім жарияланған сәтте секта жетекшісі күлімсіреп отырған.

Судьяның мәліметінше, қаза тапқан 191 адамның 161-і – тоғыз жасқа толмаған балалар. Тағы 22-сі 10-13 жас аралығында, бесеуі 14-16 жаста болған. Қалған екі адамның жасы анықталмаған. Сараптама нәтижесінде 191 адамның 183-і аштықтан көз жұмғаны анықталған. Олардың 182-сі бала, біреуі ересек адам болған. Ал қалған сегіз бала тұншықтыру немесе ұрып-соғу салдарынан қаза тапқан. Сотта куәлік берген тірі қалған сектанттар ормандағы жаппай өлімді «Исамен үйлену тойы» деп атағанын айтқан. Олар қаза тапқандарды «сенім қаһармандары» деп санаған.

Пол Маккензи 2023 жылдың тамызында ақырзаман болады деп жариялап, жұмаққа кіру үшін жақтастарын аштық жариялауға шақырған. Ол адамдардың өлу тәртібін де белгілеген. Алдымен балалар, одан кейін жасөспірімдер мен әйелдер көз жұмуы керек болған. Ер адамдарға өзгелердің мәйітін жерлеу үшін ұзағырақ өмір сүру міндеттелген. Содан кейін ғана олардың өлуіне рұқсат берілген. Маккензи жақтастарын үйлерін тастап, Кенияның шығысындағы Шакахола орманына көшуге көндірген. Оның айтуынша, ормандағы ораза оларды Құдайға жақындатып, жұмаққа жетуге дайындауы тиіс болған. Сектанттардың әрекетін арнайы күзетшілер бақылап отырған. Олар аштық жариялауды тоқтатуға рұқсат бермеген. Тамақ жеуге немесе қашуға тырысқандар жазаланған.

2023 жылдың сәуірінде құқық қорғау ұйымдары сектанттардың жаппай қаза тапқаны туралы хабарлағаннан кейін Пол Маккензи ұсталды. Полиция орманда жүргізген операция барысында жүздеген таяз қабірді анықтап, адамдардың сүйегін тапқан. Сол жылдың қазан айында оған ресми түрде айып тағылған.

Yorumlar
Diğer Haberler