Президент Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты

198
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E100Ew703qoyGUJ5CBPbFu9xQM2sGwt15sIK9rx8.webp

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Іс-шара Түркия астанасы Анкарадағы «Кулие» сарайында өтті. Мемлекет басшысын Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз қарсы алды.

Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларымен бірге Анкарадағы «Бештепе» саябағында орналасқан Түркі әлемі аллеясының ашылу рәсіміне қатысты.

Аталған аумақта Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның ұлттық павильондары орналасқан. Олардың экспозицияларында түркі халықтарының мәдениеті, рухани мұрасы мен ынтымақтастығы таныстырылған.

Қазақстан павильонында қазақтың дәстүрлі киіз үйі ұсынылды. Ол Ұлы дала рухы мен түркі халықтарының ортақ тарихи тамырын бейнелейді. Мемлекет басшыларына киіз үйдің безендірілуі арқылы сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір салты және қазіргі Қазақстанның келбеті таныстырылды.

Сондай-ақ мәртебелі меймандар қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін бейнелейтін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясымен танысты. Бұдан бөлек, көне түркі жазба мәдениетінің маңызды мұрасы саналатын Орхон ескерткіштері көрсетілді.

Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның төрағалығымен өтеді. Биылғы жиын «Түркі ғасыры: тілде, пікірде және істе бірлік» тақырыбына арналған.

Саммит барысында саясат, сауда, энергетика және Орта дәлізді дамыту мәселелерін қамтитын бағыттар бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау көзделген. Сонымен қатар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және өңірлік әрі халықаралық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды дамыту мәселелері қарастырылады.

 

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды. Сапар аясында оны Анкарадағы президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, Қазақстан Президенті мен Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.

Yorumlar
Diğer Haberler