Жолдауда сыналған сала. «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен кетті

265
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LAocIavPaROSgOwc8Ke0lwdNtuchXEKwxWl1bKvI.webp

«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы бүгін, 28 қазанда Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қарқынының баяу жүруіне, сондай-ақ жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіз болуына байланысты қабылданды»,– делінген хабарламада.

Қайрат Берікұлы 1970 жылы өмірге келген. 1991 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды кооперативтік институтын, 2019 жылы Алматы энергетика және коммуникация университетін бітірген.

1997-1999 жылдары Еркін экономикалық аймақтың Әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары, 1999-2004 жылдары Альфа-Банк» АҚ ЕБ Қарағанды филиалы директорының орынбасары, директоры, 2004-2008 жылдары Gephaestus тау-кен өнеркәсібі холдингінің экономика жөніндегі вице-президенті, 2008-2009 жылдары Еуразиялық холдинг компаниясының басқарушы директоры, 2009-2013 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ қаржы және экономика жөніндегі басқарушы директоры, 2012-2013 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік басқару жөніндегі басқарушы директоры, 2013-2016 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2016-2018 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры, 2018-2023 жылдары коммерциялық құрылымдардың басшысы болған.

Ол «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы лауазымына 2023 жылдың маусым айында тағайындалған болатын.

Президент Тоқаев халыққа арнаған бүгінгі жолдауында Қазақстанның энергетикалық секторындағы жағдайды сынаған болатын. Ел басшысы Қазақстанның қыста көршілерінен қымбат электр энергиясын сатып алып, жазда оны әлдеқайда төмен бағамен қайтаруға мәжбүр екенін айтқан. Президент сонымен қатар Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа электр станцияларын іске қосу мерзімдерін өткізіп алғанына шүйліккен. Президент Қазақстан жылына 123 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндіретінін, бірақ бұл экономикалық даму мен цифрландыру үшін өте жеткіліксіз екеніне де назар аударған. 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler