Шайдоров Гран-при кезеңін 10-орында аяқтады

194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vwl1sBmKCzztcWtqE5f77cbwf7sDHrl2f3LxpgNN.jpg

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026/27 маусымындағы Гран-при сериясының Францияның Анже қаласында өткен алғашқы кезеңіндегі жарысын аяқтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Екі күнге созылған жарыста отандасымыз 206,55 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады.

Қысқа бағдарламада Михаил Шайдоров төртінші нәтиже көрсеткен еді. Алайда еркін бағдарламада 11-орынға ие болып, жалпы есепте үздік бестіктегі орнын сақтап қала алмады.

«Мұндай сәтсіз бастамамнан кейін не айтарымды білмеймін. Кейде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Мұз тайғақ. Сіздердің алаңдаушылықтарыңызды сезіп, жазған хабарламаларыңызды оқып отырмын. Қолдау білдірген әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Мені тек жеңістерімде ғана емес, жеңілістерімде де қолдап жүргендеріңіз үшін рақмет. Өйткені жеңіліс те — осы жолдың бір бөлігі. Берілмей, бұрынғыдан да мықты болып оралуға уәде беремін. Баршаңызға рақмет!» — деп жазды отандасымыз Instagram парақшасында.

284,24 ұпай жинаған Франция өкілі Адам Сяо Хим Фа жеңімпаз атанды. Жапония спортшысы Као Миура 247,96 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, Оңтүстік Корея өкілі Минкю Со 244,90 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, Франциядағы жарыс 2026/27 жылғы маусымда өтетін Гран-при сериясының алты кезеңінің алғашқысы болды.

Yorumlar
Diğer Haberler