eGov Mobile қосымшасында отбасының жағдайын көрсететін калькулятор іске қосылды

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/O9762GJ6EHmA84D5zDjqlziCKenTrx93LF1hITz8.jpg

eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әлеуметтік және материалдық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін жаңа сервис қолжетімді болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Министрліктің мәліметінше, сервис 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік көмектің кейбір түрлерін отбасының нақты жағдайы мен қажеттіліктеріне қарай тағайындау жүйесіне көшу аясында енгізілген.

Жаңа калькулятор азаматтарға отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала анықтап, бағалау талаптарымен танысуға мүмкіндік береді. Есептеу кезінде отбасының табысы мен мүлкінен бөлек, оның құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар азаматтардың болуы сияқты әлеуметтік факторлар да ескеріледі.

Отбасының жағдайын бағалау алты бағыт бойынша жүргізіліп, 59-дан астам көрсеткішті қамтиды.

Ведомство атап өткендей, калькулятор нәтижесі пайдаланушының өзі енгізген ақпарат негізінде қалыптасады және тек анықтамалық сипатқа ие. Сондықтан оның қорытындысы әлеуметтік төлемді тағайындау немесе тоқтату туралы ресми шешім болып есептелмейді.

Айта кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұған дейін баланың тууы, көпбалалы отбасы мәртебесі және басқа да әлеуметтік негіздер бойынша беріліп келген төлемдер енді отбасының материалдық жағдайы мен нақты мұқтаждығын ескере отырып тағайындалатын болады.

Жаңа тәртіп әлеуметтік төлемдердің 14 түріне қатысты. Сонымен қатар Қазақстандағы отбасылардың әл-ауқаты бес санат бойынша бағаланады.

Yorumlar
Diğer Haberler