«Астана – Ташкент». Қазақстан мен Өзбекстанның музыкалық дәстүрін тоғыстырған бейнебаян жарық көрді

453
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SNtIxJA5N6iyX8KHdGibZsQlAegTHYJWSq36gttU.jpg

«ДимашӘли» шығармашылық орталығы Қанат Айтбаевтың «Астана – Ташкент» әніне бейнебаян ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шығармада Қазақстан мен Өзбекстанның музыкалық және би дәстүрлері тоғысқан. Қанат Айтбаевтың айтуынша, әннің идеясы Өзбекстанға жасаған шығармашылық сапары кезінде туған. Сол жолы өзбек ағайындар қазақстандық делегацияны ерекше ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқан. Өзбек халқының кең пейілі мен шынайы достығы әннің дүниеге келуіне шабыт берген.

Әннің сөзін ақын Қуат Бораш жазған. Шығармада Қазақстан мен Өзбекстан қалаларының көркі, мәдени байлығы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері көрініс тапқан. Әнде ұлттық аспаптардың үнқатысуына ерекше мән берілген. Домбырашылар Темірлан мен Ернат өзбек музыканты Рустам Төлешовтің саз аспабындағы орындауымен музыкалық сайысқа түседі. Бұл көрініс екі халықтың музыкалық ерекшелігін танытып, ұлттық әуендердің өзара үйлесімін көрсетеді.

Бейнебаянның көркемдік мазмұнын Қазақстанның «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі мен Өзбекстанның «Шахзода Dance» би ұжымының қойылымдары толықтырған.

Композицияның аранжировкасын Рустам Төлешов жасаған. Музыкалық продюсері – Қанат Айтбаев. Бейнебаян режиссері – Икромали Мухамеджанов.

«Астана – Ташкент» бейнебаяны өзбек халқының қонақжайлығына деген алғыс пен екі ел арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстың музыкалық көрінісіне айналды.

Yorumlar
Diğer Haberler