«Кітап оқитын ұлт» бола аламыз ба?

170
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YtI55ebEmisYruZCdqqvXjaXUHmFobAbNVAxMcoV.jpg

Қазақстанда 6 айда 15 кітап оқып, 10 миллион теңге ұтып алуға болады. Елде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. World Population Review порталының дерегінше, Қазақстан кітап оқу көрсеткіші бойынша әлем елдерінің соңғы қатарында тұр. 98 елдің ішінде 92-орында тұрмыз. (жылына орташа есеппен небәрі 2, 77 кітап) Осы олқылықтың орнын толтыру үшін еліміз ауқымды марафон бастап, алғашқы ондыққа көтерілмек ниетте. Ол үшін тұрғындар жылына кемінде 7 кітаптан оқуы тиіс.

Алайда, жылына 3 кітапты әрең тауысатын қоғам үшін бұл межеге жету қаншалықты шынайы? Марафонның негізгі мақсатына жете аламыз ба, әлде бұл кезекті дүрбелеңге толы науқан болып қала ма? Жоспарды жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? Тақырыпты тілшіміз Жанерке Доскелді тереңірек зерттеп көреді.

Марафон және сан мен сапа

Биыл 2 қыркүйекте басталған жоба 7 әлеуметтік санатты қамтиды (оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметкерлер, т.б.) Негізгі талап — қатысушылар 10–12 күннің ішінде бекітілген тізімдегі 1 кітапты толық оқып бітіруі тиіс. Алайда, санды қуалаймыз деп жүргенде, сапаны жоғалтып алмаймыз ба? 

Санжар Керімбай, қаламгер: 

«Адамды алдымен кітап оқуға тарту қажет. Ал тұрақты оқу қалыптасқан сайын оның сапасына да мән беруге болады. Қалай болғанда да, "кітап оқы" дегеннен кейін, көп кітап оқи берсе, саннан сапаға өтеді. Мүлдем кітап оқымағаннан гөрі, әйтеуір қиналып болса да бір кітап оқыса, ол оның өмірін сапалырақ сүруіне әсер етеді».

Дегенмен, әлеуметтанушылар бұл бастаманың бір реттік науқан болып қалмау керектігін айтады. 

Жанұзақ Әлімгерей, әлеуметтанушы:

«Ең алдымен марафонның нақты нәтижесіне назар аудару қажет. Шын мәнінде балалар оқып жатыр ма, ұстаздар оқып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Адамдарды кітап оқуға шақырудың өзі жеткіліксіз, оқу әдетінің қалыптасқанын анықтау үшін оның нәтижесін де өлшей білу қажет».

Баға мен кітапханалардағы сервис сапасы

Бүгінде әлеуметтік желілерде BookTok пен Bookstagram қауымдастықтары жанданып келеді. Дегенмен, бұл жерде де коммерциялық маркетингтің әсері басым. Блогерлер мен жастар үшін кітап оқудан гөрі, кітап сөресін көпшілікке көрсету мен сәнді кітаптарды сатып алу «трендке» айналғандай.

Жалпы адамдардың кітап оқуға қызықпауының түрлі себебі болуы мүмкін. “Ынтаның болмауына”  кейде сапалы кітаптардың қымбатшылығы мен кітапханалардың ескірген форматы де әсер етеді. 

Қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын қазақстандық блогер Айдын Тоқсанбаева да осындай мәселеге тап болыпты.  

Айдын Тоқсанбаева, блогер (АҚШ):

«Балаларыма Қазақстаннан кітап алдыртқанда, бағасы 150 мың теңгеден асып кетті. Көпбалалы әр отбасы дүкенге кіріп, балалары қызыққан кітаптың бәрін бірден сатып ала алмайды. Өйткені кітаптың бағасы отбасылық табыспен салыстырғанда айтарлықтай жоғары».

Фото Айдын Тоқсанбаеваның жеке архивінен

Екінші мәселе — кітапханалардың жастар үшін тартымсыздығы, ішкі ахуалының заман талабына сай болмауы. Кітапханалардың жастар арасында сұранысқа ие болуы үшін олардың тек жаңа кітап қорларымен қамтамасыз етілуі де - өте маңызды. Сондай-ақ қазіргі жастар кітап оқып қана қоймай, уақыт өткізіп, жұмыс істеп немесе достарымен кездесуге болатын жайлы әрі еркін кеңістіктерді іздейді. «Осы тұрғыдан алғанда, кітапханалардың форматын заман талабына сай өзгерту қажет», - дейді әлеуметтанушы.

Жанұзақ Әлімгерей, әлеуметтанушы:

«Жергілікті кітапханаларда қаталдықты сезесің. Ал қазіргі жастар бұған қарсы. Кітапханалар жастардың еркін отыра алатын, Co-working зоналары мен кофеханалары бар жайлы ортаға айналуы тиіс. Кітап оқуды қинап емес, жеңіл ету маңызды».

Айдын Тоқсанбаева бұл ретте «әдетті сүйіспеншілікпен сіңдіру керек» дейді. АҚШ-та балабақшадан бастап кітапты ғана емес, кітапхананы жақсы көруді үйретеді екен. 

«АҚШ-тағы кітапханалар – ойнайтын, зерттейтін, жаңалық ашатын, қызыққа толы ерекше әлем. Ол кітапханаға барудың өзін кішкентай мереке сияқты сезіндіреді. Сондықтан балалар үйге келіп: «Кітапханаға қашан барамыз?», «Бүгін кітапханада болдық!» – деп қуанып айтқанда, еріксіз ойланып қаласың», – дейді.

Айдын Тоқсанбаеваның айтуынша, шет ел кітапханаларында балаларды күлімдеп қарсы алып, оларды ойын арқылы қызықтыра алады. Балаларға ертегі оқып беруге арнайы уақыт бөледі. Олардың интерьері де ерекше. Түстері де ашық, балаларға тартымды. Түрлі ойыншықтары да, тіпті үй иттерін де әкеледі екен. 

«Америкада кітапты алу қолжетімді. Тегін кітап алып кетуге болатын орындар да көп. Яғни бала кітап оқысын, кітапқа қызықсын десең, оған бүкіл жағдай жасалған», – дейді. 

Қоғамдық бастамалардың күші

Мемлекеттік марафондардан бөлек, елде оқырман ортасын өз бетінше қалыптастырып жүрген қоғамдық ұйымдар да бар. Соның бірі — 2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан OYORDA қауымдастығы.

Қауымдастық Ақмола облысындағы 290 тұрғыны бар Қойгелді ауылында «Кітап оқитын ауыл» жобасын бастап, қазірдің өзінде 31 кітапты топтық талқылаудан өткізген. Ал Астанада жұмысбасты азаматтарға арналған «Түнгі кітапхана» жобасы жұмыс істейді.

Фото Жансұлтан Ғизатұлының архивінен

Жансұлтан Ғизатұлы, OYORDA қауымдастығының вице-президенті:

«Жұмыс не оқудан кеш шығатын оқырмандарымызға да ыңғайлы болғанын қалаймыз. Инфляция заманында кітап оқуға уақыт табу қиын деген пікірдің де жөні бар. Сол себепті түнгі уақытта жиналып, кітап талқылаймыз».

Сонымен қатар, қауымдастық іске қосқан PARAQTA платформасында бүгінде 6 300-ден астам тұрақты оқырман 7 000-ға жуық кітап оқып, жеке статистикасын жүргізуде.

Фото Жансұлтан Ғизатұлының архивінен

Жалпы Мемлекет басшысы қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі» жарлық пен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафоны — қоғам назарын проблемаға аударуға берілген жақсы импульс. Дегенмен, «Кітап оқитын ұлтқа» айналу үшін тек ақшалай жүлде үлестіретін науқандар жеткіліксіз”, - дейді сарапшылар. Қазақстанда нағыз оқырман мәдениеті қалыптасуы үшін:

  • Кітап бағасын халыққа қолжетімді ету (баспаханаларға субсидия/жеңілдіктер);
  • Кітапханаларды заманауи креативті коворкингтерге айналдыру;
  • Мектеп жасынан бастап кітапты мәжбүрлеп емес, сүйіспеншілікпен оқыту жүйесін құру қажет екендігін айтады.

Адамды кітаппен алғаш рет жақындастыру — оңай, ал соны өмірлік әдетке айналдыру — тек жүйелі инфрақұрылымның арқасында ғана жүзеге асады. 

Жанерке Доскелді 



   

 

Yorumlar
Diğer Haberler