Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша өтінім қабылдау басталады

124
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FaKhJZHRmLyqVi2FcoFDipYMn15b9qzMOXuMK0Q6.jpg

2026 жылы 12 қазаннан 1 қарашаға дейін Алматы тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жобалық ұсынысын бере алады. Іріктеуден өтіп, дауыс беру қорытындысы бойынша тұрғындардың қолдауына ие болған бастамаларды аудан әкімдіктері 2027 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жоба қала тұрғындарына көркейту және қалалық ортаны дамыту жөнінде идеясын ұсынуға, кейін ең қажетті бастамаларды таңдауға қатысуға мүмкіндік береді.

Өтінім budget.open-almaty.kz порталы арқылы электронды форматта қабылданады. Қатысу үшін жобаның атауы мен сипаттамасын, іске асыру жоспарланған мекенжайды көрсету, сондай-ақ эскиз бен алдын ала сметаны қоса беру қажет. Бұл кезеңде толыққанды жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу талап етілмейді.

Бір жобаның құны 324,3 млн теңгеден аспауға тиіс. Бастама жалпыға ортақ пайдалануға бағытталуы, ауданның қажеттілігіне сай келуі, аудан әкімдігінің құзыретіне кіруі және жеке коммерциялық сипатта болмауы керек.

Тұрғындар көгалдандыру, тротуарларды, пандустар мен арықтарды салу және жөндеу, саябақтарды, скверлер мен жүргінші аймақтарын көркейту, қалалық инфрақұрылым құрылымдарын жөндеу, заңсыз қоқыс орындарын жою, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен күрке орнату, сондай-ақ балалар және спорт алаңын салу мен жөндеу және көркейтуге қатысты өзге де бағыттар бойынша жобалар ұсына алады.

Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін жобалық ұсыныстарды аудандардың сараптамалық кеңесі қарайды. Бастаманың маңызы, оны іске асыру мүмкіндігі, белгіленген бағыттарға сәйкестігі және бұрын жүзеге асырылған жобаларды қайталамауы ескеріледі.

Қарау қорытындысы бойынша өтінімге үш мәртебенің бірі беріледі: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтауға жіберілді» немесе «Қабылданбады». Пысықтауға жіберілген жобалардың авторлары өзгеріс енгізіп, оларды қайта қарауға ұсына алады.

Дауыс беру де budget.open-almaty.kz порталында электронды форматта өтеді. Оның қорытындысы бойынша қарастырылған қаржыландыру көлемі шегінде іске асырылатын жобалар анықталады.

Қосымша ақпаратты Алматының аудан әкімдіктерінен және 224-39-29, ішкі 203 нөмірі арқылы «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады.

Yorumlar
Diğer Haberler