Еркежан Бейсенбекқызы. Жүрегіммен көтеріп өтем сені...

220
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nfiZO1eaOmfJKkmlChmiG0x6c5mCIp2B697i7zAT.jpg

Шығыс Түркістанда дүниеге келген ақын Еркежан Бейсенбекқызы әдебиет әлеміне 2006 жылдары қадам басқан. Ақынның елуден астам өлеңі баспасөз беттерінде жарық көріп, «Ана – жүрегіндегі өмір» және «Көктем қыздың ерніндегі күбірлер» атты жыржинақтары оқырманға жол тартқан. Оның өлеңдерінде тағдыр, ана мен бала, бақыт пенмұң, адам болмысы мен ақындық жолыастасып жатады.


Өлеңім менің тағдырым

Өлең, мені өлмес жайға қалдырдың,
Астындамыз сен де, мен де жаңбырдың.
Құмырсқадай қыбырлаймын ішінде,
Тостағандай төңкерілген тағдырдың.

Бақыт болып маңдайыма қонар ма ең,
Өлең, осы тауып алған не әурем?
Бұдан көрі сәл бақытты болсам мен,
Бәлкім, жазбай қояр ма ем?

Қайтем осы өзектегі күйікті,
Халімді тек ауыр мұңдар жиі ұқты.
Ой саумайтын қойшы жары қостағы,
Ой саумайтын менен сұлу сүйікті.

Бақытты да, сорды өлеңнен табам мен,
Аспанмен де сырласамын даламмен.
Қазандағы өлең ойлап асты да,
Қуырып сап тұрам кейде қаламмен.

Жел тараған сәбилердің кекілін,
Сәби көңіл, сенен ғафу өтінем.
Жаһаныңды жалт қаратқым келеді,
Өртеп кеткім келеді,
Жанарымның бір жалт еткен отымен.

Өлең қонса, бір шуаққа қонады,
Қойным әлі-ақ қуанышқа толады.
Тастай суық тағдырымды өбектеп,
Таласумен жұрт жазатын болады.

Аяла…

Аяла…
Періштем-ай, айдан жеткен,
Жайнаймын жанарыңда жайлау боп мен.
Сені арқалап жүріп-ақ жауында қалып,
Табаным талай-талай тайған беттен.

Құламадым, мен бірақ аман қалдым,
Сараңдауын тірліктің сәл аңғардым.
Шегінсем-ақ өкшеме шеге кіріп,
Аттап басып қақпанға арандалдым.

Әттең, әттең сыймаған даланы кең,
Қағып тастап кетер ем қаламыммен.
Сен маған ұзақ қарап мұңаясың,
Жаудырап бұл жалғанның жанарымен.

Аяла…
Бұлт боп шөкпес сор басымда,
Қызыр боп жолықпай жүр жолдасым да.
Топырағы жеңілдеу анашыңның,
Тағдыры тым ауырлау болғасын ба?

Ағызып мені алысқа кетер селі,
Бұл өмірден жасымай, от еңселі.
Білегіммен тербетіп дүниені,
Жүрегіммен көтеріп өтем сені.

 

Кеш сезіну

Мен аңсаймын дедім жылы ұяны,
Сигналың кетті кенет үзіліп.
Қағаз ғұмыр бір лап етер сиялы,
Есігіңді қақпайды енді қыз үміт.

Ұлы арманнан талған күні білегі,
Сырт айналып, уақытта кімсің дер?!
Сыймай кеткен жер бетіне жүрегің,
Жұмыр жердің кеудесінде дүрсілдер.

Аймалайтын ай сәулесі саусаққа,
Той жүзігін салса біреу қайтемін?
Арқалап ап болашаққа барсақ па,
Бақыт деген – кеш сезіну екенін.

Кірпігіңді тал-қайыңдай оранып,
Жанарым көл мөлдірейтін күн-түні.
Қалған елге шын сезімнен тоналып,
Әңгіме айтып жүргендеймін күлкілі.

Мазалады дерсің мәз боп кімдерге,
Мың қиялдың қойылған күн үтірі.
Отын жағып мен бір үйдің жүргенде,
Ашытады-ау, көздеріңді түтіні.

Кім боламын

Бақытты болғым келген-ді,
Сорғалап кетті ой басымнан.
Үйрендім жасты тербеуді,
Кірпіктеріме асылған.

Батыр да болғым келген-ді,
Майданға жарар халім жоқ.
Жөн санап кеткен көрмеуді,
Сүйетін жар да жаным деп.

Ақын да болғым келген-ді,
Ақымақ дейді уақыт.
Момақан өмір жеңгемдей,
Сәбиін отыр уатып.

Мен сонда сірә кім болам,
Кім болып өтем өмірден?
Ешкім жоқ жырды тыңдаған,
Темірден құным жеңілдеу.

Сұрықсыз гүлдей мұңдарым,
Жаз күндеріндей жаңбырлы.
Бауыры бүтін жылдарым,
Басымды аман қалдырды.

Жарқ етті кенет жасыл от,
Жырымнан бойға күй еніп.
Қалғып кетті қасірет
Қаламыма сүйеніп.

Бас қатырып ойлайтын,
Уақыт менің теңім бе?
Ешкімді елеп қоймайтын,
Есіріп жүрмін өмірде.

Yorumlar
Diğer Haberler