Жаңа министрдің алғашқы жиыны. «Армия нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек»

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RnI5uI9C1FCBzZ0nknPd97Bc9oQJQOkybVlJLxh3.webp

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бойынша негізгі міндеттер талқыланды, деп хабарлайды "Адырна".

Кездесуде Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы жүктеген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды орындауға басымдық берілді. Әскери реформалар кезінде қазіргі қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстардың тәжірибесі, әскери технологиялардың дамуы және әскери қызметшілердің қауіпсіздігі ескерілмек.

Министрдің айтуынша, негізгі міндеттердің қатарында әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, жауынгерлік даярлық сапасын көтеру, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту бар.

Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына да ерекше мән берілді. Командирлерге әскери ұжымдарда қолайлы ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру және жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту тапсырылды. Сонымен қатар жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алу және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері назарда болады.

Айдос Мырзахметов әскери қызметшілерді даярлау жүйесін қазіргі заманғы соғыс жағдайына бейімдеу қажеттігін атап өтті. Оқу-жаттығулар практикалық тәжірибеге және заманауи қарулы қақтығыстардың сабақтарын талдауға негізделуі тиіс.

Бұл ретте ұшқышсыз ұшу жүйелері, радиоэлектрондық күрес құралдары, барлау және байланыс жүйелері секілді заманауи технологияларды қолдануға басымдық берілмек.

Әскери бөлімдердің жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлігі де басты назарда. Командирлерге жеке құрамның кәсіби даярлығын қамтамасыз ету, бөлімшелердің үйлесімді әрекетін қалыптастыру және түрлі жағдайда жедел қимылдауға тұрақты әзірлікті сақтау міндеті қойылды.

Реформаның тағы бір бағыты – Қарулы күштерді басқару жүйесін жетілдіру. Бұл бағытта цифрландыруды жалғастыру, артық әкімшілік рәсімдер мен есептілікті қысқарту жоспарланып отыр.

Министрдің тапсырмасына сәйкес, босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы керек.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қару-жарақ пен қажетті ресурстарды сатып алу кезінде әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескерілмек. Сонымен бірге бюджет қаражатын тиімді пайдалану және тиімсіз шығындарға жол бермеу тапсырылды.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек», – деді Қорғаныс министрі.

Жұмыс кеңесінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексерудің барысы да қаралды. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, сұратылған ақпаратты толық ұсыну тапсырылды.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқаны хабарланған болатын. Кейін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қаза болғандардың саны 14 адамға жетті.

Оқиғадан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорғаныс министрлігінің қызметін тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауы тиіс.

Оқиғаға байланысты Қарулы күштердің жоғары және аға командалық құрамындағы бірқатар жауапты лауазымды тұлға ұсталды. Оларға қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтірілді.

26 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспийдегі оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жер қойнына тапсырылды.

Осы жағдайдан кейін Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды. Мемлекет басшысы жаңа министрге әскери басқару жүйесін жетілдіруді және Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды.

Yorumlar
Diğer Haberler