Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Комиссия қорғаныс министрлігінің қазіргі қызметіне кешенді тексеру жүргізеді.
"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы жағдайға кешенді тексеру жүргізу мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) мына құрамда құрылсын:
Балаева Аида Ғалымқызы – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары, Комиссия төрағасы;
Смайылов Әлихан Асханұлы – Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы, Комиссия төрағасының орынбасары;
Жиенбаев Ержан Нұрланұлы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары;
Элиманов Жанат Қалдыбекұлы – Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы;
Баймұқашев Мұрат Қалибекұлы – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы;
Тәкиев Мәди Төкешұлы – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;
Өмірәлиев Жандос Жәнібекұлы – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары;
Алтынбаев Әли Сапарғалиұлы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары;
Әмрин Азамат Кемеңгерұлы – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
2. Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндасын.
3. Осы Өкім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында әскери қызметшілер қаза болған еді.
Оқиғадан кейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барып, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қайғылы жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, әскери қызметшілердің қаза болу себептері мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
