Материалдық көмек көрсету – ерікті түрде жүзеге асырылады

135
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JX1Dl1FkeictpfhbU9oXpqqkzViHph32ZIgDgrrR.webp

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық қолдау көрсеткісі келетін азаматтар, бизнес өкілдері мен ұйымдар үшін бірыңғай қор жұмыс істеуде.

Бұл ретте қаражат аудару тек ерікті түрде жүзеге асырылады. Облыс әкімдігі тарапынан азаматтарға, кәсіпкерлерге, ұйымдарға немесе олардың қызметкерлеріне қаражат аудару туралы ешқандай тапсырма, талап немесе нұсқау берілген жоқ және берілмейді.

Сондай-ақ қызметкерлердің бір күндік жалақысын аударуы туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Жалақыны көмек ретінде аудару міндетті емес және әр қызметкердің жеке шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады.

Қолдау көрсеткісі келетін азаматтар қордың ресми реквизиттері арқылы қаражатты ерікті түрде аудара алады немесе қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына тікелей материалдық көмек көрсете алады.

Көмек көрсету немесе көрсетпеу – әр адамның жеке шешімі. Қаражат аударуға ешкімді мәжбүрлеуге болмайды.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олар Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылды. 

Қайғылы оқиғадан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler